Жетісуда әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлады

Бүкіл елдегі сияқты дағдарыс Алматы облысын да айналып өтіп жатқан жоқ, ол заңды да, себебі біз еліміздің ең бір үлкен облысы екеніміз рас және де аграрлық аймақ болып табыламыз. Былтырдан бері облыста ауылшаруашылығында істеліп жатқан жұмыс бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе биылғы 2015 жыл біраз жақсылықтар әкелетін түрі бар. Себебі биылғы жыл ауылдағы шаруаларға қолайлы болуы керек, көктем қолайлы болып басталды.

Былтырғы 2014 жыл облысымызда құрғақшылық болып, егін де, шөп те ойдағыдай болмады, соның салдарынан жем-шөп жинай алмаған ауыл адамдары мал басын азайтып алды. Елімізде 7,5 миллион гектар жер пайдаланылмай жатса, соның 275 мың гектар жері Алматы облысына тиесілі. Оған көз жеткізу оп-оңай. Сонау Шеңгелдіден Алакөл ауданына дейін күре жолдың екі жағы түгел игерілмей жатыр. Мен қыстай Қызылағаш ауылының тұрғындарының сұрауы бойынша сол ауылға қарасты Сағабүйенге дейін бос жатқан 6700 га жерді сол ауылдың тұрғындарына, ең құрмаса уақытша алып беруге тырысып көріп едім, еш нәтиже шығара алмадым. Сылтау көп, аукционға, конкурсқа қою керек деп, ақыры сол жер биыл мынандай қолайлы жылы тағы игерусіз қалды. Өкінішті. Жай есептегеннің өзінде сол жерден 5-6 мың тонна өнім алуға болар еді, бірақ оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Тіпті Қызылағаш ауылының бер жағындағы 1700 га иесі бар суармалы жер неше жыл болды игерусіз. Жарайды, платина салынған жоқ, бірақ биылғы жылы суарылмайтын жерлерден де жақсы өнім алуға болады ғой. Осындай жауапкершіліктері аз адамдар мынандай дағдарысты өздері қолдан жасап отырғандай. Дағдарыстан аман-есен шығудың бір жолы, қарап отырмай әр қолайлы сәтті пайдалану керек деп ойлаймын. Осындай келеңсіз жағдайды сұрайтын әкімдер қайда?

Тағы бір айта кететін жайт, бізде «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар. Осы бағдарлама да дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Бұл жерде де қиыншылық өте көп. Жұмыс істейміз деп алып-ұшып тұрған жастардың қолын байлап отыр. Әкім-қаралар бұл бағдарламадан да нәпәқа тауып отырған сияқты, өйткені тамыр-таныстың белең алып кеткені көрер көзге көрініп тұр. Тағы бір бағдарлама ауылшаруашылықты қолдайтын «Сыбаға» бағдарламасы. Осы бағдарламамен несие алу үшін сол алатын несиенің біразын бермесең, ала алмайтыны бүгін айдан анық болды. Бұндай келеңсіз дүниелер кез келген өнімнің бағасын көтермелеп сатуға әкеліп соғады. 2014 жылғы осы уақытпен салыстырғанда азық-түлік бағасы елде 2 % көтерілді дейді, бірақ менімше ол дұрыс емес, негізі 5-6 % көтерілді. Жалақы, зейнетақы өсіп бара жатқан бағаға төтеп бере алмай жатыр. Бір сөзбен айтқанда, халықтың жағдайы қиындап барады.

Үкіметтің еш жерде ешқандай кәсіпорында қысқарту болмайтын болды деген жалған сөзді күнде естиміз, шынында олай емес, барлық жерде қысқарту жаппай жүріп жатыр. Бос сөз болмасын, мысал келтіре кетейін. Текелі қаласындағы бұрынғы мырыш комбинаты қазір жекешелендірілген, сонда бүгінгі күнге дейін 50 % қысқарту болған, сондағы салынып жатқан домна пешінің бітуі-бітпеуі екі талай, ал сол Текелідегі салынып жатқан Аюбханның университетінде құрылысшылар 60-70 % қысқаруға түскен, Жаркенттегі Қытаймен екі ортадағы сауда орталығында 50% қысқарту болған. Бұл жай ғана біз білетін жайттар. Қалада да құрылыс алаңдарында бұрынғы қарқын жоқ, яғни жұмысшылар жетіспейді. Бәрі көрініп тұрған жағдайлар. Қаламызда салынып жатқан облыстық аурухана жоспар бойынша биыл қараша айында бітіп, іске қосылуы керек. Солардың бір прорабымен сөйлестім, оның айтуы бойынша, бұл бос сөз, бастықтардың құр уәдесі дейді. Неге десең қаражат жоқ, жұмысшылар жетіспейді. Бұның бәрі осы аймақтағы жағдайлар.

Үкімет   егер өздері-өздеріне күмәнмен қараса, онда біз қалай оларға сене аламыз? Сол себептен елдің арасында дұрыс үгіт-насихат жүргізу керек. Қазір елдің көзі ашылды, кімнің кім екенін анық біледі, сауаттарын ашып, заңды түрде жұмыс істеу керек екендерін елге түсіндіру керек. Тіпті сайлау кезі болсын, жай уақыт болсын елдегі жағдайды дұрыс түсіндіру біздің міндетіміз. Ия, біздің халық шыдамды, бірақ шыдамның да шегі бар, мынандай дағдарыстың арты (қолдан жасалып отырған деуге де болады) қиын болып кетпеу үшін, білгенімізше елді дүрліктірмей ақылмен шешу жолдарын ойластыруымыз керек.

С.Мұхатаев,

ЖСДП Алматы облыстық филиалының төрағасы

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ