ЖЕЛТОҚСАН СИНДРОМЫ: БІЗ ОДАН ҚҰТЫЛДЫҚ ПА?

ЖЕЛТОҚСАН СИНДРОМЫ: БІЗ ОДАН ҚҰТЫЛДЫҚ ПА?

Сабыр ҚАСЫМОВ

Біздің анықтама

Сабыр Ахметжанұлы Қасымов – заң ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Желтоқсан оқиғасын зерттеу жөніндегі М.Шаханов басқарған мемлекеттік комиссияның құрамында жұмыс істеген заңгер. Конституциялық соттың мүшесі, ҚР парламентінде сенатор, ҚР Президентінің парламенттегі өкілдігі басшысының орынбасары болған.

Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде мен iстейтiн бөлiмнiң меңгерушiсi – атақты жазушы, өзiм құрмет тұтатын, билiктiң жоғарғы тармағындағы өте бiр таза және әдiл, аса дарынды адамдардың бiрi Әбiш Кекiлбаев болатын. Ол жасы үлкен, қызметi де жоғары, аға ретiнде қамқор көңiлмен маған Желтоқсан комиссиясының құрамына жұмыс iстеуге бармай-ақ қоюға кеңес бердi. Оның өз халқына деген ұшан-теңiз махаббатына, жүрегi елжiреп тұратын отаншылдығына қылаудай шүбәм болған емес. Менiң өз алған бағытымнан қайтпайтыным мәлiм болды ма, бiлмеймiн, бiр күнi Бiрiншi хатшы Н.Назарбаевтың қабылдауына шақырылдым. Қалыптасқан партиялық тәртiп бойынша, қатардағы нұсқаушы «бiрiншiге» өте сирек жағдайда шақырылатын: қызметте жоғарылатылуға немесе өте құпия себептерге байланысты. Кей кездерi «бiрiншiнiң» кабинетiнде адамдар тағдыры шешiлiп жататын. Оған бара жатқанда мен не нәрсеге болса да әзiр едiм…

Сол жолғы кездесудiң егжей-тегжейi әлi күнге дейiн көз алдымда. Н.Назарбаев менi өте жылы жүзбен, ескi танысындай қарсы алды. Ол сол сәтте пенжексіз, жейдешең, ойлы күйде кабинетiнде әрлi-берлi жүр екен. Тым ресми түрде кiрген мен соншалықты қарапайым қабылдауды күтпеген едiм, тiптен сасып қалдым. Ол менiмен таза қазақша сөйлесiп, қысқаша жағдай сұрасқан соң, негiзгi мәселеге көштi.

Қоғамдағы түрлi топтар мен әртүрлi ұлт өкiлдерiн бiркелкi қабылдамайтын бұл комиссияға ОК қызметкерiнiң кiруiн құптамайтынын, «ұлтаралық нәзiк қатынасқа шаң жұқтырып алмаймыз ба деген қаупi бар» екенiн, тiптен Мәскеу де қарсы болып отырғанын сыпайы ғана жеткiздi.

Мен өз пайымдауларымды ұзақ та, толқулы күйде баяндай бердiм, ол үлкен зейiнмен тыңдап отырды. Комиссияның алдында тұрған мiндеттердiң орындалуын мен ғана қамтамасыз ете алатынымды, тiптi сол комиссия жұмысы үшiн арыз жазып, Орталық Комитеттен кетуге де әзiр екенiмдi айтқан соң, Н.Назарбаев, абырой болғанда, күрт жұмсарып:

Жарайды, бара бер! Мәскеуге «әдейi жiбердiк» деп айтармыз, – дедi.

Иә, оқырман, осы жерде өткенге шегініс жасайын. Тура 86-ның Желтоқсаны қарсаңында мен Мәскеуде, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында оқитын едiм. Болашақ кандидаттық диссертацияның тақырыбын анықтау жөнiнде талап қойылды. Мен «Мемлекеттiк меншiктi сақтау және оны талан-тараждан қорғау» тақырыбын таңдап алдым. Осы тақырыпқа байланысты «Мемлекет және құқық» кафедрасының профессорлары Г.В.Мальцев пен Т.М.Шамбо маған Алматыда ғылыми-тәжiрибелiк конференция өткiзудi ұсынды. Олар өздерi жақсы бiлетiн, Қазақстан КП ОК әкiмшiлiк-құқықтық бөлiмiнiң меңгерушiсi В.И.Ефимовпен алдын ала келiсiп те алды.

Мiне, содан 14 желтоқсан күнi Алматыға ұшып келдiм де, 15-i күнi Ефимовта болып, алдағы конференцияны ұйымдастыру мәселелерi жөнiнде сөйлестiк. ОК-нiң ұйымдастыру-құқықтық бөлiмiне де кiрiп шықтым. Ондағы жiгiттер ертең ОК пленумы болатынын айтты, өздерi соны ұйымдастыру мәселелерiмен айналысып жатты. Д.Қонаевтың қызметтен кететiнiн сыбырлап жеткiздi, тек оның орнына кiм болатынынан өздерi хабарсыз болып шықты. Бiрақ сол кездiң өзiнде жағдайдың ширыға бастағаны сезiлiп тұрды.

Мен нақ сол күнi ОК Бiрiншi хатшысының ауысатындығы жөнiндегi құпияны, жабық ақпаратты басқалардай емес, нақтырақ бiлетiн бiр жақын жолдасымды кездестiрдiм. Оның да iшi қан жылап тұрған болуы керек, дәл бүгiнгiдей есiмде, ол маған бар шындықты бүкпесiз, сол қалпында айтып бердi. Қонаевқа рахмет айтып, ың-шыңсыз зейнетке жiберетiнiн, ал оның орнына ертең КОКП Ульянов обкомының бiрiншi хатшысы Г.В.Колбиндi сайлайтынын айтты. Колбиннiң бұрын Грузияда екiншi хатшы болып iстегенiн, Димекеңнiң орнына адам ойластырғанда, оны Қазақстаннан тыс жерден iздегендiктерiн, Шеварднадзе және басқалардың Горбачевқа тап соны ұсынғандарын айта кеттi.

Неге iзбасарды, яғни Қазақстанға бiрiншi басшыны одан тыс жерден iздегендерiн сұрағанымда, ол ызалана жауап қатып: «Бұл бiздiң республика басшылығындағы алауыздықтың, бiрiншiнiң орнына таластың нәтижесi екенiн» айтты. Шын жағдайды көзiмен көрiп, мәлiметтi құлағымен естiп-бiлiп отырған ол маған сенiм көрсете айтып, ешкiмге ешбiр жағдайда тiсiмнен шығармайтыным жөнiнде ант алғаннан кейiн былай дедi:

«Соңғы кезде Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi хатшысының орнына талапкерлердiң үш-төртеуi (ол олардың аты-жөндерiн тiзiп шықты) Мәскеу алдында жағымпазданып, Қонаев туралы небiр жайсыз мәлiметтер берiп, кiр жағып жүр…».

Димаш Ахметұлы Бiрiншi хатшы болып iстеген ұзақ жылдарда КОКП аппараты қызметкерлерiмен тығыз байланыста ғой. Өзi баулыған және қолдап келе жатқан қол астындағы «жiгiттердiң» iс-әрекеттерi оған әрдайым белгiлi болып отыратын. Өзiнiң қарамағындағылардың мынадай қылықтарын ол сатқындық ретiнде қабылдады, түсiне де, кешiре де алмады…

Мұны естiген соң, менен дегбiр кеттi. Менi күйiндiргенi – әсiресе республиканы басқаруға қазақ тарихы мен мәдениетiнен бейхабар бiреудiң келе жатуы еді. Себебі сол уақытта Қазақстан КП ОК Бiрiншi хатшысының орнына лайықты тұлғалар болды ғой. Олардың кез келгені үмiттеніп жүрді. Әрине, олардың елдегi жоғарғы билiк үшiн күрес жүргiзуi – барлық елдерге тән табиғи құбылыс. Сондай-ақ бұл ретте жазылмаған заң да бар. Егер демократиялық мемлекеттерде бұл күрес легитимдi, қабылданған ережелерге сәйкес жүрсе, тоталитарлық мемлекеттерде, бiрiншiден, билiктегi бiрiншi басшы соңғы демiне дейiн орнын бермеудiң әрекетiнде болады, екiншiден, билiктен үмiткерлердiң арасында жабық текетiрес жүрiп жатады.

Соңғы жағдай Қазақстанда да қалыптасты. Қолымдағы бар материалдарға сүйене отырып, жоғарғы билiктен үмiткерлерге мынадай сипаттама берген болар едiм:

Зақаш Камалиденов. Комсомол, МҚК, партия мектебiнен өткен, ұзақ мерзiм Қонаевқа жақын төңiректе болған, сөзсiз, республикалық билiкке келуден үмiттенiп, республикадағы және одақтағы саяси өзгерiстердi жiтi бақылай отырып, Мәскеуге шын берiлген адам болып көрiнуге тырысты, социалистiк тәртiптiң қамқоршысы ретiнде жоғары оқу орындарын сынап, оларда оқитын қазақ жастарының үлес салмағы шектен тыс көп екенiн айтты, баспалар мен жеке авторларға феодалдық және ұлтшылдық ұстанымдары үшiн тиiстi, әсiресе Олжас Сүлейменов пен Өмiрбек Жолдасбековтi қудалауға алып, сол арқылы, әрине, Қонаевты тұқыртты. Камалиденовтiң «ерлiк» шаралары Мәскеуге жетiп жатты.

1986 жылғы 18 желтоқсандағы түнгi сағат 02.00-де өткен партактивте М.С. Соломенцевтiң алдында көрiнiп қалудан үмiттенген сөйлеген сөзiнде ол «көтерiлiстi аяусыз басып, оған қатысушыларды жазалауға» шақырды. Ол тiптен өзiнiң қазақ халқының перзентi екенiн ұмытып кеттi, көтерiлiсшiлер мен зиялыларға қарсы саяси және идеологиялық репрессиялық шараларға белсене атсалысты.

Ол КСРО-ның, КОКП-ның әп-сәтте жоқ болып кетуi мүмкiн екенiн, ал ел iшiнде қалатын өзiнiң мүшкiл халге тап болуы әбден ықтимал екенiн түсiне алмады. Саяси қызметкер ретiнде оның тағдыры жеке бас мүддесiн ел мүддесiнен жоғары қойған пақырлардың тағдырын еске салатын едi.

Марат Меңдiбаев. Шахтерлар қаласы – Қарағандыдан. Өте белсендi әрi мақсатты жұмыс iстей алатын оны Мәскеу қолдап отырды. ҚКП ОК бюро мүшесi және Алматы облысының басшысы қызметiне көтерiлген Меңдiбаев кадр саясатында «бұзылған» партиялық ұстанымдарды қалпына келтiру, жершiлдiкпен және парақорлықпен күрес сияқты желеулердi жамылып, аз уақыттың iшiнде Алматы облысы мен қаласында Голощекиннiң «кiшi октябрь» саясатын қайталап, қызметте жүрген кадрлардың бiразын жұмыстан босатып, қудалады. Желтоқсан көтерiлiсi күндерi және одан соң Камалиденовтен кем түспей, көтерiлiстi басуда және оған қатысты деген адамдарды қудалау iсiнде ерекше белсендiлiк танытты. Мәселен, Меңдiбаевтың басшылығымен Алматының зауыттары мен фабрикалары арматурадан темiр сойылдар даярлап, олармен мыңдаған «жасақшы» атанғандарды қаруландырып, қарусыз бейбiт шеруге шыққандарды және азиялық ұлт өкiлдерiн соққыға жықты. Меңдiбаевтың осы сипаттағы «қызметiн» Колбин жоғары бағалап, оны өз орынбасары етiп бекiттi.

Еркін Әуелбеков. Тәжiрибелi басшы, бiрнеше облыстарды басқарған, министр қызметiнде болған, кiрпияз тазалығымен, жеке бас мүддесiнен гөрi, халық қамын көбiрек ойлайтын қызметкер ретiнде аты шыққан, қитұрқы аппараттық ойындарға жоқ адам едi. XVI съезде Қонаевты кадр саясатындағы кемшiлiктерi үшiн, жоғарғы билiктегi қызмет жағдайын жеке бас мүддесiне пайдаланатын шенеунiктердi қорғап, жағымпаздық пен жарамсақтыққа жол бергенi үшiн сынға алды. Қазақ саяси басшылығының өзара iшкi алауыздығынан жақсы хабардар ОК шенеунiктерi Әуелбековтың бұл ұстанымын Қонаевтың беделiне көлеңке түсiру мақсатында пайдалануға тырысты. Маған белгiлi мәлiметтер бойынша, Әуелбеков республикадағы бiрiншi басшылық орынды алу үшiн Қазақстанда да, Мәскеуде де белсендi әрекеттерге бармаған. Оның сол тұста Қонаев отырған орынды алу мүмкiндiгi жоқтың қасында еді.

Нұрсұлтан Назарбаев. Оқиғалар ағымы көрсеткендей, санаулы кiсiлерден ғана тұратын жоғарғы топтың iшiнде Қазақстандағы бiрiншi басшы орнын алуға лайық мiнез танытып, соған сәйкес қадамдар жасай алған тұлға. Ол сол күрделi бiр кезеңде басқа үмiткерлер жiберген қателiктерге жол берген жоқ. XVI съезд қарсаңында Қонаевтың өз еркiмен зейнеткерлiкке кеткiсi келмейтiнiн түсiнген ол бiрiншi хатшыға қатысты күрт сыни ұстанымға көштi. Съезден соң Қонаевтың жақтастары оны бiрiншi басшылыққа келуi мүмкiн нақты үмiткер ретiнде бұл орынға жiбермеуге күш салды. Бiрақ олардың уақыты өтiп кеткен едi.

Сонымен, Қазақстанды ұзақ мерзiм басқарған кiсiнiң орнына кiмнiң келе жатқаны мәлiм болды. Осындай өзгерiстiң қарсаңындағы әрбiр қазақ секiлдi мен де сол күндерi ұлттық намысқа тиетiн күнделiктi iлiк-шалыстарды, тұрмыстық деңгейде кездесiп жататын түрлi қиянат iстердi санамнан қуып, оларды еске алмауға тырыстым. Алайда қаншама қашқақтасам да, ұлттың басындағы және жеке өмiрiмдегi түрлi фактiлер санамнан тiзiлiп өтiп жатты. Кәмпескелеу кезiнде Сiбiрге жер аударылған атам Қасымның 14 баласынан екi-ақ баласы қалғанын, соның бiрi – әкем Ахметжан екенiн, басқаларының аштық пен жалаңаштықтан көз жұмғандары, халқымыздың көрген бар азабы ойымда ойран салып жатты. Бұрын осының бәрiн өзiме социализм және әдiлеттiлiк үшiн күрес жолында мiндеттi түрде болуға тиiс қиыншылықтар есебiнде түсiндiрген болсам, ендiгi уақытта жаңағы трагедиялы оқиғаларды Мәскеу тарапынан жүргiзiлген түрлi озбырлықтың салдары есебiнде қабылдай бастадым. Менiң санамдағы негiзгi өзгерiс осы едi…

Сол 15-i күнi өзiм танитын ғалымдармен, жорналшылармен, үйiмнiң қасында жатақханада тұратын жұмысшылармен кездестiм. Олардың бәрiне «ертең Қонаевты орнынан алады, бiрiншi басшыға Ресейдiң бiр обкомының жетекшiсiн әкелiп қояды» деп айтып шықтым. Кездескендерiмнен: «Ендi мынадай жағдайда не iстеуге болады?» – деп сұрап жүрдiм. Сөйлескен кiсiлерiмнiң бәрi дерлiк мұндай тағайындауға үзiлдi-кесiлдi қарсы екенiн бiлдiрiп, бiрақ: «Бiздi тыңдап жатқан кiм бар? Қолымыздан не келедi? Бiзден кiм сұрасын?» деген мазмұндағы шарасыздық көңiл-күйлерiн бiлдiрiп жатты. Әлi есiмде, бiр жұмысшы ғана «қарсы екенiмiздi бiлсiн, көшеге шығайық» деген пiкiр айтты. Кейбiреулерi мұндай мәселе қоюдың қауiптiлiгiн ескертiп, сақтандыруды да ұмытпады.

Мен Мәскеудегi курстастарыммен хабарласып, Грузиядағы жiгiттерден, Осетия жiгiтi Алан Плиевтен Колбин туралы пiкiрлерiн сұрадым. Олар мардымды ештеңе айта қойған жоқ, «партияның қатардағы қызметкерлерiнiң бiрi ғой» дестi. Тек бәрi бiр ауыздан: «Осы кезде қалайша ұлттық республиканы басқаруға сырттан адам апаруға болады?» деп наразылық бiлдiрдi.

Келесi күнi, 16 желтоқсанда Қазақстан КП ОК-нiң «тарихи» пленумы өттi. Бәрiн өз атымен атайтын болсақ, Мәскеу өзiнiң отарлау саясатын жалғастыра отырып, Колбиндi Қазақстанның кезектi губернаторы етiп бекiттi.

Пленумнан кейiн, менiңше, қазақ қоғамының ойлы бөлiгi түгелдей дерлiк өте қатты соққы алды. Мен ғалымдар мен оқытушылардың көзқарасын бiлу үшiн, Ғылым академиясына бардым, жоғары оқу орындарына соқтым, түрлi ұлттар мен мамандық өкiлдерiмен кездестiм. Адамдардың көңiл-күйiн, көзқарасын сол сәтте бiлу мен үшiн аса қажет болды. Олар болған жайды қалай қабылдады, не ойлады? Оларға «қандай да бiр жиналыстар өткiзейiк, өтiнiштер жасайық, ғалымдар мен жазушылардың отырыстарын ұйымдастырайық, қандай түрде болса да, өз қарсылығымызды бiлдiрейiк, үндеу жасайық» деген мазмұндағы ұсыныстар айта бастадым. Интеллигенция, зиялы қауым, халықтың бiлiмдi де ойлы бөлiгi билiкке Колбиннiң келуiнiң соңы жақсы болмайтынын түсiнедi деп үмiттендiм және олар қандай да бiр шаралар қарастырып жатқан болу керек деп ойладым. Алайда мен қатты қателесiппiн, мен бiлетiндердiң көбi үрейлi, жiгерлi iске даяр емес, жалтақ, бой тасалағыш бiреулер болып шықты.

Бүкiл халықтың жер бауырлап, бей-жай күй кешуi мүмкiн емес қой. Ел үшiн қажет сәтте тарихи шешiм қабылдай алатын өжет жандар әрқашан да табылған. Бұл – табиғи заңдылық! Бүгiн бiз сол күндерi қаншама адамның қаһармандық көрсетiп, жанкештiлiк қадамға барғанын бiлемiз. Бiрақ бастапқы сәтте мен ондай әрекеттерден хабарсыз едiм.

Мен тәуекелге бел буып, барған жерiмде сенiмдi деген кiсiлерге, таныстарыма ендiгi уақытта «Қазақстанда отарлау мен орыстандырудың жаңа кезеңi басталатын болады, Қазақстанға одақтық мәртебесiнен айырылуы мүмкiн, ал жерiн бөлшектеп, көршi республикаларға таратып беру қаупi төнiп келедi. Колбиндi ондаған жылға тағайындайды, ал осы мезгiлде жаңағы мiндеттер атқарылатын болады» деп айта бердiм. Бiрақ менiң бұл пiкiрiм естiген жандарға соншалықты қатты әсер ете қоймады. Ұлттың зиялыларының ұйымдасқан қарусыз қарсылық көрсете алатынына ешқандай да сенiмiм қалмады, сондықтан «митингiлер, шерулер өткiзу үшiн халықты көшеге шығару ғана қалды» деген шешiмге келдiм. Егер тап осы жолы үндемей қалсақ, онда қазақ халқы жоғарыда баяндаған шешiммен келiседi деген сөз, олай болса, ұлттық деңгейдегi нағыз масқаралық деген осы болмақ! Сондықтан да, мейлi қандай дәрежеде болсын, әйтеуiр халықтың бiр қарсылығы керек-ақ едi.

Сол кезде менiң бар ойым тек бiр бағытта өрбiдi: қоғамның қай бөлiгiн қандай әдiс және уәжбен Брежнев атындағы алаңға алып шығуға болады? Шеру орны өзi сұранып тұрғандай едi. Шешiмнiң ең төтесi осы едi. Саралап қарасам, кiмдерге баруға болатыны айқындала түскендей. Әрине, олар жұмысшы және студент, қазақ жастары тұратын жатақханалар едi.

Әкемнiң берген «Москвич» мәшинесiмен (01-01 ТЮЦ – Ресейдегi Түмен облысының нөмiрi) қаладағы түрлi аудандарда орналасқан жатақханалардың бiрiнен соң бiрiне бара бердiм. Сақтық жасап, мәшинемдi алыстау қойып, адамдармен дәлiздерде немесе кiреберiс есiк алдында жолығып, өзiмнiң хабарым мен өтiнiшiмдi қысқаша айта бердiм.

«Ертең, 17 желтоқсан күнi таңертең Орталық Комитет ғимараты алдында митинг өтедi. Кiмде-кiм Колбиннiң тағайындалуымен келiспесе, сонда барсын. Өзiң кеп, өзiңнiң уақытың болмаса, басқаларға осы өтiнiштi айт. Мәселенiң шешiлуi сенiң және жолдастарыңның ертең осы митингiге келулерiне байланысты. Озбырлыққа қашанғы көнуге болады? Ештеңеден қорықпаңдар! Ештеңе де болмайды! Бұл әр азаматтың конституциялық құқығы. Халқым деген отаншыл азаматтар сағат 8-9-дан бастап алаңда болады. Келiңдер!» – деп айта бердiм. Түн жарымға дейiн студенттер мен жұмысшы жастардың 20 шақты жатақханасын аралап шықтым. Үйге тек таң ата келiп, төсегiме жаттым.

Таңертең бiр жоғары оқу орнының оқытушысы телефон шалып оятты. Ол толқулы үнмен Орталық Комитет ғимаратының алдында шеру өтiп жатқанын хабарлады. Сол сәтте мен бақыт дегеннiң не екенiн шын сезiндiм, «қазақ деген халық бар екен-ау» деп көңiлiм марқайды. «Жарайсыңдар! Әйтеуiр шықтыңдар-ау!». Ендi ешкiм ешқашан да қазақты «мал», «мәңгүрт» деп айта алмайды! Ең бастысы – алғашқы мақсатқа жеттiк, халық наразылығын ашық бiлдiрдi!

Алаңға келiп, қарақұрым адамды көргенде, менiң қуанышымда шек болмады. Ол кезде жастарды алдарында нендей тағдыр күтiп тұрғанын, әрине, мен де бiлген жоқ едiм, тiптен ондай ой санама да кiрiп-шыққан жоқ. Менiңше, нақ сол сәтте ол жөнiнде ешкiм де ойланған жоқ. Жиналған көпшiлiктiң басында бiр ғана «Қазақтар Мәскеудiң мазағына қарусыз қарсылықпен жауап бердi, осы тұрған жастар – ұлт намысын сақтап қалушылар» деген ой бар едi. Сол шақта осы ой бәрiмiзге қуат берiп, шаттыққа бөлеп тұрды.

Алаңда тұрған мыңдаған адамның бейбiт наразылығы Мәскеуге, бүкiл саяси жүйеге, қазақ рухына, оның намысына сенбеген сатқындарға, көңiлдерiн күмән билегендерге, ұлттық идеяға – тәкаппарлық танытушыларға нақты да дәлелдi жауап едi.

Алаңға халық тола бастады. Милиция, шенеунiктер жастардың арасында жүрiп, үйлерiне қайтуын сұрап, жалбарынып жатты. Бұл жағдай көпшiлiкке жақсы мәлiм болғандықтан, оған тоқталып жатпайын.

Алаңға осыншама көп халықтың шығуына, аз да болса, менiң де үлесiм бар екенiн түсiндiм. Халық алаңға шықпайды деп сендiрмек болғандардың уәжiнiң дұрыс емес екенiне көз жеткiздiм. Мен атқарған iс – бойын ашу-ыза кернеп, күйiнiп тұрғандарды бiрiншi қадам жасауға шақыру ғана едi. Сол кезде мен алаңға келгендердiң кез келгенi жасауға тиiс әрекеттi жасадым деп есептеймiн. Онда тұрған ешқандай да батырлық жоқ. Ол – бiр азаматтың өз елi алдында парызын өтеуi. Басқа түк те емес. Ал халықта наразылық болмаса, қанша шақырсам да, алаңға келмес едi ғой. Халықты алаңға намыс, ұлттық мүдденiң ұзақ уақыт аяқасты болу қаупі алып шықты.

Жас батырлар алаңда сойылға жығылып, түрмеге түсiп, қуғын-сүргiнге ұшырап, тоталитаризмнің табасын көрдi. Бiрақ сынбады, мұқалмады, шегiнбедi, берiспедi! Алаңға шыққан сол мыңдаған жас – нағыз қаһармандар едi! Кейiнгi уақытта марапаттар алып, халыққа танылып, абыройға ие болғандары ғана емес, сол екi күнде алаңда тұрғандардың бәрi де осындай құрметке лайық-тын.

Мысалы, бүгiнгi күнге дейiн табиғи қарапайымдылығынан, кiшiпейiлдiлiгiнен өздерiн батыр санамайтын, сол Желтоқсан күндерi өздерiн ерлiк жасадық деп санамайтын талай адамды жақсы бiлемiн. Олар әрбiр адам сондай сын сәтте өздерi iстеген iстi жасауға тиiс деп санайды, өздерiнiң мұндай қадамдарына көңiл аудартып, ол туралы әңгiмелеп те жатпайды. Ауа жұтып, тыныс алу қандай табиғи қажеттiлiк болса, Отан мен отбасы мүддесiн аянбай қорғау да олар үшiн дәл сондай қатардағы iс едi. Мәдениеттiң ең жинақы да биiк көрiнiсi осы болса керек. Мiне, сондықтан да жүздеген, мыңдаған желтоқсандықтардың ерлiгiн кейiнгi ұрпақтарға мәңгi ұмытылмас үлгi ету – бұл бiздiң мемлекеттiгiмiз iргетасын құрауға тиiс аса маңызды iс. 17 желтоқсан күнi жағдайды жiтi қадағалап, сол кездегi ҚКП ОК саяси штабында көтерiлiстi басуға қандай шешiмдер қабылданып, қандай бұйрықтар берiлiп жатқанын өз көзiммен көрiп, құлағыммен естiп, талдаудан өткiзiп отырдым. Ол шешiмдер мен бұйрықтарды кiмдердiң орындап жүргенi де көз алдымда. Мiне, сондағы көргендерiм мен көңiлiме түйгендерiм комиссия жұмысы барысында, мәселенi Конституциялық соттың тексеруi кезiнде қажетке жарады, бiлгенiмдi дер кезiнде пайдаланып, iске асыруға тырыстым.

Сол кездегi республика басшыларының, министрлiктер мен мекеме жетекшiлерiнiң, партия комитеттерi мен заң орындарының, әсiресе Алматы қаласы басшыларының әрқайсысы туралы, олардың сол кездегi ұстанымдары мен iс-әрекеттерi жөнiнде талдау материалдар жазып беруге болады. Бүкiл қазақ жұртының басындағы трагедияны пайдаланып, өз атағын шығарғысы келгендер жөнiнде де жазуға болар едi. Ондай деректi материалдарды мен арнайы сарылып жинаған емеспiн, шынайы өмiр куәлiктерiнiң өзi-ақ жетiп жатыр. Мәселен, сол тұстағы Алматы қаласындағы кәсiпорын басшылары жөнiнде де мәлiметтер жеткiлiктi.

Мысалы, шампан-коньяк зауытының (қазiрде «Бахус» фирмасы) директоры, бүгiнгi миллионер Карапетян Жетiсу өңiрiн Ұйғыр автономиялық республикасы етiп қайта құру жөнiнде өтiнiш жазған. Оған не жетпейтiн едi? Қазақтарды ол не үшiн соншама жек көрдi? Ол жағы түсiнiксiз. Бүгiн оны, сол сияқтыларды жария түрде кiнәлап, қуғындап, тексерудi жақтап отырған жоқпын. Осы Карапетян сияқтылар, сонан кейiн өзiмiздiң сатқын қазақтар халқымыздан кешiрiм сұрап, өздерiнiң лайықсыз iстерi үшiн тәубесiне келсiн демекпiн, 20 жыл бойы осы мақсат үшiн күресiп келемiн.

Жеке өз басыма келетiн болсам, Отаным, халқым, ата-анам мен отбасым, туыстарым мен жақындарым алдындағы өз парызымды, мiндеттерiмдi мүмкiндiгiнше адал орындауға күш саламын. Маған ешкiм, ешқашан «нақақтан кiнәладың, сатып кеттiң, әдiлетсiздiк жасадың» деп айта алмайды.

Комиссия жұмысы бойынша барлық қорытындыларымды нақты дәлелдер мен фактiлерге негiздедiм. Басқалардың желтоқсан жөнiнде белгiлi себептерге байланысты мен көргендi көрiп, мен естiгендi естуге, оқып-бiлуге мүмкiндiгi болған жоқ. Бұл орайда менiң жолым болды. Бiрқатар комиссиялар мен Конституциялық сот үшiн кейбiр отандастарымның жасаған қылмыстарын, имансыз iстерiн, сатқындықтарын жинақтап, қорытып, дәлелдi жазып та бердiм. Сол материалдарды бүгiнде көптеген адамдар пайдаланып та жүр, кiтаптар жазуда, диссертациялар қорғауда, фильмдер түсiруде. Оған мен қуанамын. Тек бiр өкiнiштiсi – солардың көбiнiң түпнұсқаға сiлтеме жасауды ұмытып кететiнi ғана.

Қызметiме байланысты мен ОК ғимаратында жүрдiм, соған байланысты көтерiлiстiң саяси шын себептерiн жасыру үшiн, көтерiлiсшiлердi қылмыскер, басбұзар, нашақор, маскүнемдер ретiнде көрсету жөнiндегi шешiм ең жоғарғы деңгейде, Мәскеуде қабылданғанын анық байқадым. Солай болғандықтан да саяси талаптарды ашық жария ету қажеттiгi айқындалды. Жастардың асығыс даярлаған ұрандары мен плакаттары қарабайырлау едi. Олардың бiразын өзiм даярлап, ұрандар мен үндеулердi желтоқсанның 17-iнен 18-iне қараған түнi жатақханаларға тараттым.

Бірақ қанша сақтанғаныммен, МҚК, IIМ қызметкерлерi менiң «Москвичiмдi» қаланың түрлi аудандарында, халық көп жиналған жерлерде, жатақханалар жанында көрiп, бақылауға алған екен. Орталықта милиция мен әскери патрульдер менi бiрнеше рет тоқтатты да. Бiрақ мен академия берген «ЦК КПСС» деп алтынмен жазылған қып-қызыл куәлiгiмдi көрсетiп жүрдiм. Ол кезде Мәскеуден Алматыға конференция даярлау үшiн iссапармен келген едiм ғой. Желтоқсан күндерi өз қауiпсiздiгiм жөнiнде ойлауға шамам да келген жоқ. Қайдан келсiн?!

Көтерiлiстен соң, ОК оған қатысушылар мен оны ұйымдастырушыларды iздеп табу науқанын бастап кеттi, штабты Колбиннiң өзi басқарды, ал оның күнделiктi жұмыстарын ОК әкiмшiлiк органдар бөлiмiнiң меңгерушiсi Ефимов жүргiздi.

Түрлi мәлiметтер осы штабқа түсiп жатты, олардың арасында ұйымдастырушылар туралы, атақты тұлғалардың, шенеунiктердiң көтерiлiске қатысы жөнiнде арнаулы қызмет орындарының хабарлары да бар едi. Осы штаб, бейнелеп айтар болсақ, кiмдi жазалау, кiмдi ақтауды шешетiн едi. Мәшинемдi, сол арқылы менiң кiм екенiмдi анықтап алғаннан кейiн арнаулы қызмет штабқа мен туралы ақпарат түсiредi. Онда «ҚКП ОК-нiң бұрынғы қызметкерi, қазiр Қоғамдық ғылымдар академиясының тыңдаушысы Сабыр Қасымов Алматыға арнайы ұшып келiп, белсендiлiк танытып, көтерiлiсшiлер жиналған жерде, жатақханаларда болған, яғни ұйымдастырушылардың бiрi осы болуы ықтимал» деген мағынада пiкiр айтылады. Пленум алдында «әдейi ұшып келдi» дегенге акцент жасалады.

Ефимов бұл хабарды алғанымен, оған әрi қарай жол бермейдi. МҚК басшылығына ескерту жасап, менiң Мәскеуден оған (Ефимовтiң өзiне) басқа мақсатпен келгенiмдi, көтерiлiске ешқандай қатысымның жоқтығын ескертiп, өнбейтiн iспен айналыспай, нағыз ұйымдастырушыларды табу қажеттiгiн айтады.

Үш-төрт күн өткен соң Ефимовке кiрiп, конференция жөнiнде есiне салдым. Ол мырс еттi де: «Қайдағы конференция? Мәскеуiңе қайта бер, жiгiттерге сәлем айт, мүмкiн, кейiнiрек ұйымдастырармыз», – дедi. Сонан соң кенеттен: «Сен 17–18 желтоқсанда не үшiн жатақханаларды араладың? – деп қатқыл сұрақ қойды. – Тiптi бiрiншi Алматыға, Рихард Зорге көшесiне дейiн, ондағы жұмысшылар жатақханаларына дейiн барыпсың. Онда не iстеп жүрсiң?» – дедi. Абырой болғанда, сол мезетте менi «кремлевка» құтқарды. Телефонның шырылы оның назарын өзiне аударып алып кеттi. Ефимов сөзiн аяқтаған кезде мен байсалды қалыппен «ол жақтағы туыстарымды тексерiп, үйлерiнен шықпасын деп қадағалап жүрдiм» дедiм.

Ефимов қоштасып жатып: «Әйтпесе мұндағылар сенi халықты алаңға шығарушы, осы тәртiпсiздiктердi ұйымдастырушылардың бiрi жасағысы келiп едi», – дедi. Оның менi үлкен бәледен құтқарғанын сыртқа шыққан соң барып түсiндiм.

Сол күндерi адамдар өздерiн қалай ұстады дейсiз ғой? Шенеунiктер, әрине, бәрi емес, қудалау науқанына белсендi қатысып, халық мүддесi мен абыройын шiмiрiкпей сатып, жаңа билiктiң алдында жарамсақтанумен болды. Зиялы қауым өкiлдерi, идеолог-ғалымсымақтар теледидар мен ақпарат құралдарында билiктiң идеология саласындағы жолбикесi қызметiне жарыса араласып кеттi. Желтоқсанның қолға түскен батырлары қорғансыздың күнiн кештi. Олар әдiлетсiздiктiң құрбаны болып жатқандарын түсiнiп, демдерiн iштерiне тартып, бәрiне шыдап бақты. Қыздар жылады, көмек сұрады, кейбiреулерi «алаңға кездейсоқ келiп едiм» дедi. «Қазақстанның бiрiншi басшылығына Колбиннiң тағайындалуына қарсылығымды бiлдiруге митингiге арнайы келдiм», – деп қасарысқандар да болды.

Көтерiлiстен кейiн Мәскеуге қайтуым керек болса да, бiраз бөгелдiм. ОК, қалалық және облыстық партия комитеттерiне күнде барып, комсомолдың ОК және аудандық комитеттерiне, сондай-ақ кейбiр жоғары оқу орындарына, құқық қорғау орындарына кiрiп жүрдiм. Өзiмнiң таныстарым мен достарымнан билiктiң қандай iс-әрекеттерге барып жатқанын, көтерiлiсшiлердiң жағдайын сұрастырдым. Бұл күндер мен үшiн ең ауыр да азапты күндер едi. Өмiрiмде ешқашан өзiмдi дәл осындай дәрменсiз байғұс сезiнген емеспiн. Қолымнан ештеңе келмейтiнiне, ешкiмге сөзiмнiң өтпейтiнiне өкiндiм…

Әрине, сол Желтоқсан күндерi халық алаңсыз, үнсiз қалды десем, жаңсақтық болар. Небiр азаматтар қасқайып, жүйеге қарсылығын бiлдiрiп жатты. Мәселен, Казақ КСР Жоғарғы кеңес президиумының қызметкерi Бейбiт Қойшыбаев сол күндерi өткен жиналыста желтоқсаншыларды қорғап сөз сөйледi, Академиялық институттағы бiр ғылыми қызметкер әйел Горбачевтiң суретiн жыртып-жыртып, қоқыс шелекке лақтырып тастады. Ирек Дәуренов, Софы Сматаев және басқа да азаматтар жалпы ұлттық қарсылыққа өз үндерiн қосып жатты. Алғашқы күндерi бiраз студенттер Колбиннiң кетуiн талап етудi тоқтатпады. Осы сияқты iстер аз болған жоқ.

Қайсыбiр ұжымдарда адамдар органдарға астыртын сөз тасып, жоғарғы билiкке хабар жеткiзiп, бiрiн-бiрi ұстап берiп жатты.

Сол кезде маған ең ауыр тигенi – жергiлiктi прокуратура органдарына, аудандық милиция бөлiмдерiне, арнаулы қабылдау мекемелерiне кiрiп жүрiп, сойылға жығылған, ашыққан, жадап-жүдеген қыздар мен жiгiттердi, жүктi әйелдер мен жасөспiрiмдердi көру болды. Оларды милицияның кез келген бос бөлмесiне топ-тобымен қуып тығатын, тәулiк бойы тамақ бермей ұстап, ұрып-соғатын, қорлайтын, ұлттық, адамдық, әйелдiк намыстарын, абыройларын, ар-ождандарын таптайтын.

Дәлiздерде қабырғаға қаратып, сағаттар бойы аяғынан тiк тұрғызып қоятын. Бұл жерлерде заң мен адамшылық дегеннiң, адам құқығы дегеннiң жұрнағы да болған жоқ.

Торығуда жүрген сондай бiр сәтте түн жарымда досым Жамбыл Ысқақовқа келдiм де, көшеге шақырып алдым. Ол менi көрiп, қорқып кеттi, «бұл – бүкiл халықтың қасiретi, болып жатқандарды жүрекке сонша жақын алуға болмайды» деп, мені жұбата бастады, үйiне кiрудi ұсынды, мен оған келiспедiм. Сосын ол үйiне кiрiп, бiр шөлмек арақты тiске басарымен алып шықты да, мынадай күйде iшпесе болмайтынын айтты. Өксiгiмдi баса алмай, солқылдап жылай бастадым. Дауысым шығып кетсе керек, Жамбыл үй тұрғындары оянып кетпесiн деп, мәшиненiң рөлiне өзi отырды да, үйiнiң қасындағы саябаққа қарай апарды. Мен болсам Аллаға, тағдырыма налып, көтерiлiсшiлердi күтiп тұрған бақытсыздықтар мен қайғы-шерге өзiмнiң де қатысымның бар екенiн түсiнiп, шарасыздықтан торығып жылай бердiм.

Рухани күйзелiсiм бiр сәт бәсеңсiген кезде бәрiн дұрыс iстегендей күй кешетiнмiн. Ақырында мынадай тұжырымға келдiм: егер мен өзiмдi-өзiм ұстап берсем, әрине, қамауға алады, сосын мен де тұтқындағылардың қатарына қосыламын. Қарсылығымды, iшкi күйзелiсiмдi ешкiм де естiмейтiн болады. Сонда мына кiнәсiздердi ешкiм де қорғай алмайтын болады, шенеунiктердiң заңсыз әрекеттерiн сауатты түрде әшкерелей алатын адамдардың қатары бiр кiсiге кеми түспек.

Ұйқысыз өткен көптеген түндерiмнiң бiрiнде өз өмiрiмдi, өз күш-қуатымды Желтоқсан идеалдарына арнаймын деп Алла алдында, ата-бабалар алдында, бүгiнде азап көрiп жүрген көтерiлiсшiлер алдында ант бердiм. Осы кезге дейiн сол антыма адалмын.

1988 жылы академиядан оралғаннан кейiн, желтоқсандықтардың iстерiмен нақтырақ айналыса бастадым, олардың оқуға, жұмысқа, комсомолға қайта орналасуына, әкiмшiлiк және қылмыстық iстерiн қайта қаратуға көмектестiм. Мiне, 30 жылдан асты, заң саласын тастап, саясат пен ұлттық қарым-қатынастар саласында жүргенiме. Мақтансыз айтар болсам, менiмен бiрге қызмет iстегендер менiң жаман заңгер болмағанымды жақсы бiледi. Бiрақ Желтоқсан менi басқа адам еттi. Мен бұған ешбiр өкiнбеймiн!

Желтоқсан күндерiнен кейін 30 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ бұл оқиғаны толықтай қорытып, қорытынды жасай алған жоқпыз.

Бір сәт ойланып қарайықшы. Халық алаңға қарусыз, өз ұстанымын бiлдiруге шықты. Халықтан әлдеқашан бөлiнiп, биiктеп кеткен билiк қарапайым жұрттың бұл әрекетiне жоғарыдан, тәкаппарлықпен қарап, арсыздықпен қарсы күш қолдану әрекетiне көштi. Ең алдымен бейбiт шеруге мүлдем басқа рең беру, яғни оны қылмысты iс ретiнде көрсету жөнiнде шешiм қабылданды. Нағыз әдiлетсiздiк осыдан басталды. Орталық бейбiт шерудi қазақ ұлтшылдарының әрекетi есебiнде қабылдады. Ұлтшылдықтың түп-тамырын «Алашордадан», жазушылардан, Олжастан iздедi. Арнайы қызмет орындары қазақ ұлтшылдары Алматыдағы балабақшаларға шабуыл жасап, жас сәбилердi өлтiруге дейiн барды деген жалған ақпарат таратты. Қарусыз халыққа қарсы сапер күректерiн пайдаланды, көтерiлiсшiлердi итке талатты, жиырма градустық аязда адамдарды мұзға етпетiнен жатқызып қойды, сойылға жығылған, жараланған адамдарды мәшинелерге күштеп отырғызып, қала сыртына апарып тастады, қазақ қыздарын зорлады, түрмеге қамалғандарға адам төзгiсiз түрлi кемсiтулер, заңсыз қорлау және зорлау әдiстерi қолданылды, «дружинник» атын жамылған қылмыскерлер арматурадан арнайы жасалған сойылдармен кiнәсiз қазақ жастарының басын жарып, иығын сындырып, алаңда құлатып жатты. Сондай жауапсыздықтың көп құрбандарының бiрi, солдаттардың қаруынан қаза тапқан – Ербол Сыпатаев. Тергеу орындары оны өлтiрген қылмыскердi iздестiрудiң орнына, қаза болған Ерболдың үстiнен қылмыстық iс қозғаған. Әдiл Молдабаев деген жас жiгiттi милиционер тапаншамен атып жаралайды. Iшiн оқ тесiп өткен ол азамат әйтеуiр дәрiгерлердiң арқасында тiрi қалды. Әдiлдi атқан милиционер марапатталып, ал Әдiлдi ауруханаға жатқызудың орнына түрмеге қамап, сонда үш жыл ұстады.

Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтi Алматы соты өлiм жазасына кестi. Соттың шешiмiн сол кездегi КСРО Жоғарғы кеңесi президиумының төрағасы А.А.Громыко бұзып, 25 жылдық абақтыға ауыстырды. Жазалау орындары бәрiбiр өз дегендерiн iстеп, Семейде Қайратты қолдан өлтiрдi.

Желтоқсан күндерi КГБ қазақ ұлтшылдығын iздеп, мыңдаған қылмыстық iстерге қозғау салды. Бұл процесс өткен ғасырдағы 1937-38 жылдардағы жаппай репрессиялау науқанын еске салатын едi.

Менi қатты өкiндiретiнi – елiмiзде әлi күнге дейiн Желтоқсан синдромы, Желтоқсан комплексi кетпегенi. Әлi күнге дейiн интеллигенция, зиялы қауым қорқақтық, нанғыштық синдромынан айыққан жоқ. Осы ой құрсауынан шыға алмаған олар соған сәйкес Желтоқсанға байланысты сөзден аулақ жүрудi қалайды. Желтоқсанның 20 жылдығына байланысты үндеу жариялауды қолға алдым.

Мысалы, Мырзатай Жолдасбеков, үлкен отаншыл адам, менiң қатты қадiрлейтiн кiсiм, ерекше сыйлайтын ағам, қайраткер, осы кiсiнiң өзi елбасына берiлетiн мұндай ұжымдық үндеуге қол қоймауға тырысатынын айтты. «Руханият» партиясының жетекшiсi Алтыншаш Жағанова бұл үндеудiң әр сөзiне терең мән бере, дауысын нығарлай отырып: «Бұл кiмнiң идеясы? Жоғарғы жақтағы кiммен келiсiлдi?» – дедi. «Тәуелсiздiк жағдайында бұған басшылық қарсы болмайтын шығар…» дегенiмде, «елiмiздегi бүгiнгi саяси жағдай нешетүрлi көтерiлiстердi мадақтайтындай емес» дедi.

Осы секiлдi ондаған фамилияларды атауыма болар едi. Бiрақ қажетi бола қояр ма екен? Мен бұл адамдарды түсiнбеймiн, тiптен аяймын да. Себебi олар бұрынғы қалыптан, Желтоқсан синдромынан әлi күнге айыға алмай жүр. Олар керек кезде ғана отаншыл, өз елiн, өз Отанын «қажет» деген кезде ғана, билiкке ыңғайлы кезде ғана сүйе алады. Сондықтан да Желтоқсан кезiнде де, одан кейiн де, бүгiнгi күнi де зиялы қауымның көп бөлiгi үнсiз…

Бiрде мен сол кездегi Орталық Комитеттiң идеология бойынша хатшысы Жәнiбековтiң қабылдауына шақырылдым. Келсем, ол кiсi ҰҚК төрағасы В.М.Мирошникпен бiрге отыр екен. Өзекең: «Сенiмен Виктор Михайловичтiң сөйлескiсi келедi. Сiздер сөйлесе тұрыңыздар, мен түскi асқа барып қайтайын», – деп шығып кеттi. Мирошник ешқандай да үзiлiссiз бiрден: «Комиссия құрамына қосқанда, бiз сiздi партиялық бағытты жүргiзетiн болады, объективтi жұмыс iстейдi деген сенiмде болдық. Ал қазiргi уақытта қоғамдағы бiраз күштер, арасында Жоғарғы кеңестiң депутаттары да бар, бұл комиссияның жұмысына қарсы», – дедi. Мен: «Комиссияның құрамына байланысты ешқандай да негiзсiз шешiмдер қабылданбайтынына сенiмдi болғаныңыз жөн. Ал комиссия жұмысына қарсы күштерге байланысты айтарым, оның жұмысын қолдайтындардың да бар екенiн бiлген дұрыс. Комиссия жүмысының нәтижесi жарияланған соң барып қана қоғамның пiкiрi жөнiнде айтуға болар», – дедiм.

Мирошник өзiн сенiмдi және еркiн ұстап отыр, оған таяу арада және болашақта не болатынының бәрi аян сияқты. «Бүгiннiң өзiнде комиссияның жұмысына наразылар көп. Ал оның күтпеген жағымсыз қорытындылары мәлiм болғанда не болмақ! Сондықтан да сiз бен бiз мемлекет адамдары ретiнде оның қорытындылары жөнiнде алдын ала келiсiп iстейiк, азаматтарымыздың бiр бөлiгiн екiншiсiмен араздастырып алмайық. Сiзге де Қазақстандағы ұлтаралық дүрдараздықтың қажетi жоқ қой?!» – дедi.

«Бiз жұртқа бар шындықты жеткiзу арқылы екi жақты да тыныштандыра алатын боламыз деп ойлаймын. Қарапайым халықтың ешқандай да кiнәсi жоқ, олардың арасында кикiлжiң тудырып отырған – билiк орындары… Мен объективтi әрi әдiл жұмыс iстеудi ұсынамын», – дедiм.

Мирошник ендi «сенге» көштi. Жиiркенген кейiппен: «Жарайды, Шаханов ақын, популист, депутат, оған даңқ, халық қаһарманы деген атақ керек, ал саған не жоқ? Сен өзi кiмсiң? Сен сияқтылар көп, кiм бiлiп жатыр? Шахановты бiз сақтауға тиiспiз, ол – халық депутаты. Ал сен кiмге қажетсiң? Ертең сен бiрдеңеге ұшырасаң, ешкiм де бiлмей қалады. Сабыр Қасымов ешкiм де емес, сенiң ешкiмге де керегiң жоқ! Сен жай жұмысшы отбасынан шыққансың, Ресейден келдiң, мұнда керек десе туыстарың да жоқ екен, ертең-ақ ұмыт боп қаласың. Шаханов сенi пайдаланып жүр, басыңды айналдырған, оның қармағына түсiп қалғансың. Сен өзiң ақымақтау адам екенсiң. Менiмен артыңда бiреу тұрғандай сөйлесесiң. Қандай қасиеттi нәрсеге қол салып жатқаныңды бiлмейдi екенсiң. Сендер КОКП Саяси бюросының шешiмдерiн қайта қарамақсыңдар!» – дедi.

Мирошник ұзақ сөйледi. «Мәскеуде сен сияқтылармен басқаша сөйлеседi, ал бiз сендерге жоғарғы саяси басшылардың шешiмдерiн қайта қарауға жол бермеймiз. Сенiмен одан әрi сөйлеспеймiн де. Сен сияқтылардың есiн жиғызатын жолды қарастырармыз», – дедi. Бұл уақытта Өзекең қайта оралған едi. Мирошник кеткен соң Өзбекәлі Жәнібеков маған: «Абайла, сақ жүр… Сендер халық үшiн зор жұмыс жасап жатырсыңдар», – дедi.

Менің басымнан осындай да қатерлі жағдайлар өткен. Қуаныштысы – бәрі артта қалды. Аман-есенбіз. Желтоқсан – менің тағдырым. Сол себепті ақырғы демім біткенше бұл мәселемен айналыса берерім күмәнсіз.

Біле жүрейік

Қазақ тарихындағы

ЖЕЛТОҚСАН АЙЫ

12–18 желтоқсан күндері Қазақстанның тарихындағы бетбұрыс кезеңдері ретінде мойындалуы керек.

Тарих беттерін ақтарып отырсақ, желтоқсан айы қазақ қоғамында ерекше орын алатынына көз жеткізуге болады. Мәселен, 1917 жылы 12 желтоқсанда Алаш автономиясы құрылды. Бұл – империялық-отарлық дәуірден кейін құрылған алғашқы тәуелсіз мемлекет еді. Алаш зиялылары оянған қазақты бастап, ұлттық мемлекеттілікті жариялай алды.

1917 жылы 13 желтоқсанда және бір ірі оқиға орын алды. Ташкентте Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай басқарған Түркістан Мұхтариятын, яғни автономиясын қолдап, жүз елу мың адам көшеге шығыпты. Көшеге шыққан адамдарды қырып-жою үшін большевиктер үкіметі қарулы әскер әкеліп, жазықсыз жандардың қаны төгіледі. Оның ішінде қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де бар еді. Арада 52 жыл өткенде, сол күнді АҚШ конгресі «Түркістан күні» деп мойындапты. Мұхиттың ар жағындағы ел мойындап, тарихымызға тағзым жасады. Ал тарихымыздың қастерлі бетін Қазақстан әлі күнге мойындаған жоқ.

1991 жылы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде Тәуелсіздік заңы қабылданды. Бұл дегеніміз – Алаш автономиясының жарияланғаны сияқты тағы да азаттыққа ұмтылған жаңа мемлекеттің жұлдызды сәті еді.

1992 жылы 15 желтоқсанда тарихымызда тұңғыш рет азаттығымыздың бірінші жылы тойланды.

1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесі мен ҚР президенті мемлекетіміздің Тәуелсіздік туралы заңын бекітті. Осыдан біз азаттығымызды 16 желтоқсан деп мерекелеп жүрміз.

Одан әрі көз жүгіртсек, 1986 жылы 17–18 желтоқсанда жастар алаңға шықты. Наразылықтың басты себебі – Д.Қонаевтың орнына ешкім білмейтін Колбиннің тағайындалуы еді. Қазақ жастары желтоқсан оқиғасы кезінде ұлттық сана-сезімнің жетілгендігін көрсетті, келімсектердің ел басқаруына қарсы болып, өз жерін, өз елін қадірлей алатынын ашық танытты. Осы желтоқсан оқиғасынан кейін Кеңес өкіметі шайқалып, артынша Тбилисиде, Вильнюсте, Бакуде коммунистік жүйеге қарсы қадамдар жасалды. Ең бастысы – қазақтар ТМД елдері арасында бірінші болып, қарсы бас көтеріп, рухы мықты ұлт екенін көрсетті.

Сондықтан да 12–18 желтоқсан күндері біздің тарихымыздағы бетбұрыс кезеңдері ретінде мойындалуы керек, оны кең түрде атап өту керек. «12–18 желтоқсан күндерін ұлттық мейрам деп жарияласақ, біз өткенімізге, өз тарихымызға құрметпен қарайтын тетікті іске қосар едік», – деп алғаш белгілі тарихшы Х.Әбжановтың айтқанына да он жыл болыпты.

Бұл мейрам бір апталық мереке ретінде аталуы керек. Мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді ұлықтап, қазақ санасына, өзге диаспоралардың санасына азаттықтың жарығын сіңіріп, өмір салтында Ұлттық Тәуелсіздік күнін бәрінен жоғары қоюымыз керек.

Жанарбек БЕРІСТЕН,

профессор

«Общественная позиция» (проект «DAT»)

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ