«Жеңімпаздар форумында» жас қыз неге тілін шығарды?

«Жеңімпаздар форумында» жас қыз неге тілін шығарды?

Президент Назарбаев сайлау қортындысынан кейін «жеңімпаздар форумы» деп аталатын шараға қатысып, жастарға батасын берді: «Сендерге, жастарға менің беретін батам бірінші, айтатын аманатым, отанды сақтап, Тәуелсіздікті құрметтеп, қасық қандарың қалғанша осыны құрметтеп, осыны білу бірінші, екінші қазақтың, Қазақстанның бірлігін сақтап, ел ішіндегі көпэтносты халықтың бірлігін сақтап, ешкімді ренжітпей, сендерді де ешкім ренжітпей, аман-есен болып, Алла, жаратқан ием, сіздерге зор бақыт пен денсаулық берсін». Президенттің батасын жастар «әумин» деп беттерін сипады. Бұл жиынға қатысқан жастар «әумин» дегенді даусын шығармай айтты, себебі бұл туралы жеңісті тойлау репетициясында жоқ болатын. «Жеңімпаздар репетициясында» жастарға «Нұротан! Нұрсұлтан!» деп ұрандау, сөз сөйлегендерге дуқол шапалақтау ғана үйретілген болатын.

Нұр отан «жеңісті», сайлауға бір аптадай уақыт қалғанда дайындай бастады. Астана студенттерін партия жеңісін тойлау дайындығына жаппай мәжбүрлі түрде әкетіп, жанағы ұранды жаттатқызды. Наурыздың 21-інде, «жеңімпаздар формудары» Қазақстанның барлық қалаларында өтті. Бұл форумдардын бәрінде «Нұротан! Нұрсұлтан!» деп еріксіз жиналып, дайындық шараларынан шаршаған жастар ұрандап тұрды.

«Идеология накачала нам такой патриотизм, что лучше Советского союза ничего на свете нет. И заходит на съезд комсомола Хрущев, мы встали, 5 тысяч человек, орем! Не даем ему сесть. Мы полчаса орали. …Ореш, ореш. Не давали ему садится. Он выступал, каждый обзац его выступления прерывалась оплодисментами. И все на ура. И все восхищенными глазами такими на него смотрели. Как на вождя, как на спасителя». Бұл 1962 жылы, Кремльдің  съездер сарайында өткен СССР Комсомол съездіне делегат болған сол кездегі теміртаулық жас металург Нұрсұлтан Назарбаевтың естелігі. Қарап тұрсаныз 62-ші жылы өткен комсомол жиналсы мен «жеңімпаздар форумы» арасында айрмашылық жоқ сияқты… Баяғыдай бір партия, бір лидер, ұқсас жаттанды ұрандар, екі жиынға да қатысуға үлгеріп жүрген, бірақ сол уақыт арасында қарапайым металургтан елбасыға дейін көтерілген Нұрсұлтан Әбішұлы… Ұйымдастырушылар президентке таныс форматтағы жиналысты өткізіп, елбасыға  жағынуды көздеген керек. Бірақ жиында «массовка» болып тұрған жастарды кім ойлады  дейсіз? Билік жастарды ойламайды, жастар билікті жақтырмайды.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 2011 жылы жүргізген зерттеуде Қазақстан жастарының 62 пайызы мемлекеттің әлеуметтік-саяси өміріне бейжай қарайтыны анықталған. Себебі, жастар билікке ықпал ете алатындарына сенбейді және жағдайдын өзгеруіне үміттерін үзген. 2010 жылы Қазақстан Еуропа бойынша жастар арасындағы адам өлтіру фактісі бойынша Ресей мен Албаниядан кейінгі 3 орында тұрды. Ресми деректер бойынша Қазақстандағы орын алып жатқан қылмыстардың 50 пайызы 14-29 жастағы жастар қолымен жасалады. ҚР Ішкі істер министірлігі тіркелген қылмыстардын 79 пайызы мектеп, лицей, гимназия оқушылары жасағанын мәлімдейді. Сонымен қоса әлеуметтік жағдайы нашар ортада, қажетті тәлім-тәрбие мен білімсіз өсіп жатқан 34 мың бала бар. Бұл балалар бірнеше жылдан кейін кәмелеттік жасқа толады, ары қарай бұл балалар заңға бағынып, тыныш өмір сүреді, бақытты болады дегенге қалай сенеміз? ҚР Бас прокуратура мәліметі бойнша сотталған террористтердің 60 пайызы 29 жасқа толмағандардан тұрады. ҰҚК 2013 жылы экстремистердің арбауына түсіп қалған жастардың 80 пайызы жұмыссыз болған деген дерек жариялаған. Тура мағынадағы болашағымыз — жастардың  жағдайы тым ауыр екенің билік ресми түрде айтып тұр.

Қоғам ішінде мемлекетіміз қашан өзгереді деген тақырыпқа талай әңгімелер арналуда. Өзгерістерді бастайтын жастар, ол өзгерістерді амалсыздан жүзеге асыратын билік. Отандық саясаттанушылар жастар мәселесі туралы жүргізген зерттеулерде америкалық ғалымдар Нейл Хоув пен Вильям Штраус 1991 жылы жариялаған «ұрпақтар теориясын» қолданады. Хоув-Штраус теориясы әрбір буынның психологиясы, болмысы, қоғамдық, саяси көзқарастарына өз заманының құндылықтары, тәрбиесі, үй ішіндегі тәрбиесі әсер етеді деп пайымдайды. Себебі әрбір буынға, ұрпаққа сай көзқарастар мен құндылықтар жиынтығы сай келеді. Әр заманның өз модасы, әдебиеті, мәдениеті бар. Бұның барлығы 20-25 жыл бойы айтарлықтай өзгеріске түспейді, сондықтан да ұрпақтардың ойлау қабілетіне, өмірлік ұстанымына ұзақ уақыт бойы әсер етеді. Саясаттанушы, Айдос Сарым Хоув-Штраус теориясы негізінде осындай қортынды жасаған болатын: «Бүгінгі Қазақстанда бірнеше ұрпақ өкілі ғұмыр кешіп жатыр: Үнсіз ұрпақ (1923-1943 жылы туғандар).
Бұлардың құндылықтары 1953 жылға дейін қалыптасқан.
Бұлардың құндылықтарының пайда болуына сталиндік қуғын-сүргін, жаппай ашаршылық, Екінші дүниежүзілік соғыс сияқты ғаламдық оқиғалар әсер еткен.
Басты құндылықтары: адалдық, ережелерді сақтау, заңға бағыну, қызметке, лауазымға деген құрмет, ар-намыс, шыдамдылық, төзімділік.

Бэби-бумерлер ұрпағы (1943-1963 жылы туғандар)
Бұлардың құндылықтары 1973 жылға дейін қалыптасқан.
Бұлардың құндылықтарының пайда болуына Сталиннен кейінгі жылымық, адамның ғарышқа ұшуы, қырғиқабақ соғыс, медицинаның жақсаруы, ғылымның дамуы, білім беру жүйесінің жақсы сапаға ие болуы әсер еткен. Әкелері соғысқа қатысқандықтан бұл ұрпақ өзін «жеңімпаз ұрпақ» деп санаған.
Басты құндылықтары: оптимизм, пайда мен карьераға құштарлық, ұжымшылдық, «командашылдық», «жастық культі».

Х-ұрпақ немесе Белгісіз ұрпақ (1963-1983 жылдары туғандар)
Бұлардың құндылықтары 1993 жылға дейін қалыптасқан.
Бұлардың құндылықтарының пайда болуына қырғиқабақ соғыс, қайтақұру, жариялылық, Ауғанстандағы соғыс, Чернобыль апаты, СПИД, есірткі сияқты оқиғалар әсер еткен.
Басты құндылықтары: өзгерістерге дайындық, таңдау мүмкінігі, жахандық ақпараттану, техникалық білім, индивидуализм, ғұмыр бойы оқуға әзірлік, көзқарастардың бейресмилігі, жаңа эмоция іздеу, прагматизм, өзіне ғана сену, гендерлік теңдік.

Ү-ұрпақ немесе Желі ұрпағы немесе Миллениумдер (1983-2003 жылы туғандар)
Бұлардың құндылықтары әлі де қалыптасып жатыр. 2014-2016 жылдар бұл ұрпақ үшін өтпелі кезең болады.
Бұлардың құндылықтарының пайда болуына КСРО-ның ыдырауы, террористік актілер мен аймақтық соғыстар, сандық технологиялардың күрт дамуы, ғаламдық аурулар, ғаламдық мода мен өнер әсер етті. Ұялы телефондар мен интернет бұл буын үшін күнделікті, үйреншікті дүние.
Басты құндылықтары: парыз бен борыш, жауапкершілік, аңқаулық, бағына білу. Бұл ұрпақ үшін маңызды дүние бірден пайда көру, табысқа бірден ие болу.

Z-ұрпақ (2003-2023 жалдар арасында дүниеге келетіндер)
Бұлардың құндылықтары енді ғана қалыптасады. Және де бұған бәріміз ықпал ете аламыз.
Көп нәрсе осы ұрпақтың сапасы мен болмысына байланысты болады.
Бір анығы бұл ұрпақ үшін дипломнан гөрі білім артық болады. Бұл ұрпақ қауіпсіздік мәселелеріне аса көңіл бөліп, қалыптасқан ережелерді, заңдарды сақтауға бейім болады. Техникалық даму, ғылым дамуы бұлар үшін үйреншікті дүние болатыны анық. Бұл ұрпақ жаңалықтарға бейім ұрпақ».

Жастар саясаты биліктің ең басты бағыттарының біріне айналуы шарт. Олсыз болмайды. Жастар биліктің назарында болуы қажет. Нұрсұлтан Назарбаев айтқан Хрущев комсомол съездіне кіріп келген кезде жастар орнынан атып тұрып, жарты сағат бойы айғайлағаны қалайша мүмкін болды? Себебі жастармен жұмыс жүрді, жастарда сенім, үміт болды. Қазір ол жоқ. Үнсіз ұрпақ партияға кіріп, саяси жұмысқа араласты, бұл әрине шарасыздықтан болды. Қазіргі Ү-ұрпағы да шарасыз. Нұр отанға мүше болмақ түгіл, өзін өртеп партия кеңсесіне жүгіріп өзіне қол жұмсайды. 1962 жылғы комсомол съездіне қатысқан жастарда идеологиялық негіз болды. Қазір ол жоқ, бұл жақсы. Бірақ мемлекетіміздің ұлттық идеологиясы жоқ, сол себептен де мемлекетімздің идеологиялық вакумын діни топтар мен ресейшіл идеология басып алды. Президент Назарбаев жастарға берген аманаты, батасы орындалу үшін яғни «тәуелсіздікті құрметтеп, қасық қандарың қалғанша осыны құрметтеп, осыны білу бірінші, екінші қазақтың, Қазақстанның бірлігі сақтау» үшін жастарға ұлттық идеологияны насихаттап, Ү-ұрпағына ұлттық идеологияны сіңіру керек! Ұлттық идеология барашны біріктіреді, ұлттық идеологияны сіңірген жас азамат қылмысқа бармайды. Жастар проблемасын ұлттық идеология шешеді.

«Жеңімпаздар форумында» Үнсіз ұрпақ өкілі сөз сөйлеуі кезінде артында тұрған Y-ұрпақ өкілі тілін шығарғаны әлеуметтік желілерде көп талқыға түскен болатын. Бұл билік саясатының салдары, осындай «ұрпақ сабақтастығына» алып келді.

  Әнуар ШОТБАЙ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ