Зәуреш Батталова: Парламент жүйелі түрде ашық жұмыс істемей отыр

Зәуреш Батталова: Парламент жүйелі түрде ашық жұмыс істемей отыр

Өткен жылдың қыркүйегі мен биылғы мамыр арасында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, азаматтық белсенділер парламенттің төменгі палатасының жұмысына қатысуға мүмкіндік алды. Бұған мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің өзі ұйытқы болды. Осы жерде ескерте кетейін, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тек мәжілістегі жұмыс топтарының отырысына қатысуға мүмкіндік алды. Ал сенатқа жол жоқ. Сенат қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеуге әлі мойын бұрмай отыр. Төменгі палатаның қызметіне араласқанымызбен, қолдан жасалған бөгет өте көп болды. Билік алалауын қоймай келеді. Мысалы, «Бюджет туралы», одан басқа күрделі заңдарға келгенде бізді шақырмайды. Сондай-ақ конституциялық заңдарға өзгерістер енген кезде билік оған біздің араласқанымызды қаламады. Өзіміз «қатысайық, қатысқымыз келеді» деп хат жазған күннің өзінде де шақырылмадық. Тек оның тұсаукесер рәсіміне қатысып, жұмыс тобының бір-екі отырысына араластық. Осыған орай, менің айтқым келетіні, парламент жұмысының ашық, әділ жүруі үшін кез келген заң жобасы талқыланған кезде оған саяси партия өкілдерін, азаматтық белсенділерді, үкіметтік емес ұйым мүшелерін міндетті түрде араластыруы керек. Олардың айтқан ұсыныс-
тары, өтініштері, тіпті қандай да бір заңға қатысты зерттеу-сараптама, талдау жасаса, оған өзгертулер мен толықтырулар жасап әкелсе, сонысы талқыға салынып, ескерілгені абзал. Бұл – аса өзекті, басты мәселе. Екінші айтқым келетіні, басқа біреулерге ұсақ-түйек ұйымдастыру мәселесі сияқты көрінгенімен, парламент қызметінде үкіметтік емес ұйымдардың белсенді түрде жұмыс істеуіне қиындық туғызатын бір түйткіл бар. Соны айтып өткім келеді. Мәжіліске саяси партия өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері келген кезде талқыланып жатқан заң жобасы туралы мәліметтер алдын ала таратылып қойса… Өйткені мәжілісте қоғамдық ұйым өкілдеріне қосымша мәліметтерді қарап шығу үшін телефон, компьютер пайдалануға тыйым салынған. Депутаттардың өздері, қайдағы бір блогерлер мұндай құқыққа ие. Ал біз сонда отырып өзімізге қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмай қиналамыз. Үшіншіден, салыстырмалы кестелер де алдын ала дайындалып берілсе, бәріміздің жұмысымыз жеңілдер еді. Бұл жұмыстардың бәрі маған таңсық емес, өйткені кезінде өзім де сенатор болдым ғой, мен мән-жайға тез әрі толық қанығамын. Ал депутат болмаған үкіметтік емес ұйым өкілдеріне бұл қиындық туғызады. Осындай жұмыстардың өзінен-ақ парламент қызметінде әлі күнге дейін алалау, шектеу барына көз жеткізуге болады. Осы жерде тағы бір мәселеге ерекше тоқталсам деймін. Қоғамда кейбір заң жобалары талқыланған кезде кейбір азаматтық белсенділерді үкімет тобына қатыстырады. Мысалы, жер комиссиясы Жер кодексін талқылаған кезде Мұхтар Тайжанды үкімет тобына енгізіпті. Үкімет тобына енген адам үкіметтің позициясын қорғайтыны белгілі. Ал, меніңше, үкімет тобына енген кез келген азаматтық белсенді, саяси партия өкілі биліктің сойылын соқпай, өзінің позициясында қалып, өз ұйымы ұсынған заң жобасының нормаларын дәлелдеп, қорғап, талқыланып жатқан заң жобасына солардың енуіне ықпал етуі тиіс. Былайша айтқанда, олардың жағымпаздығына жол бермеген жөн. Мұндайды шама келгенше тоқтатқан дұрыс. Сонда ғана жұмыс жан-жақты, кең ауқымда өрбиді.
Жасыратыны жоқ, заң мәселесі болсын, басқасы болсын қолда тұрғаннан кейін билік оны әрдайым өзіне ыңғайластырып жасайды. Егер іске қоғамдық ұйым өкілдері араласса, әрине, біржақтылыққа жол берілмейтіні белгілі. Өткен айда ғана сегіз конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нағыз үлкен кедергімен біз осы кезде бетпе-бет келдік. Бұған біреу сенер, біреу сенбес, біз өзгеріс енгізілген заң жобасын таба алмадық. Ал әлгі «Президент туралы» конституциялық заңға енгізілген өзгерістерде адам құқығы қалай шектеліп отыр? Бұл енді көзге ап-анық көрінеді. Президенттікке үміткерлерге жаңа кедергі, тосқауыл қойылды. Енді кез келген адам президенттік сайлауға қатыса алмайды. Бес жыл мемлекетте қызмет істеген адам ғана мемлекетті басқара алады. Бұл не деген сөз? Бұл – президенттікке тек билік өкілдері мен «Нұр Отан» мүшелері ғана бара алады деген сөз. Басқа адамдар мұндай мүмкіндіктен айырылып отыр. Сол сияқты заңнамалық бастама құқығы бар органдар (президент, үкімет, парламент) тұжырымдама дайындаған кезде де үкіметтік емес ұйымдардың ұсынысын, ой-пікірін назарға алуы шарт. Олардың жасаған талдау-сараптамаларын, зерттеулерін ескерсе, кез келген заңның, тұжырымдаманың көкжиегі кеңейеді. Одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Қорыта келгенде айтарым, парламент қоғамға ашық, жүйелі қызметімен танымал, абыройлы болғаны абзал. Тек төменгі палата ғана емес, сенат та ашық түрде жұмыс істеуге мойын бұрғаны жөн. Әрине, заң шығарушы органның азаматтық қоғамға ұмтылысы, ниеті жоқ деп біржақты баға беруден аулақпын, әйтсе де парламент жүйелі түрде ашық жұмыс істеп отыр деп те айта алмаймын.

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ