Үндістаннан ем емес, дерт келді

Қазақстанда тағы бір дау туындады. Бірақ ол жерге де, жемқорлыққа да, сотқа да қатысты емес. Ол Үндістаннан әкелініп, қызылшаға қарсы егетін вакцинамен байланысты. Бұған дейін алдымен Калачий елді мекенінде, одан соң Березовка ауылының тұрғыдары жаппай белгісіз ауруға шалдықса, енді еліміздің жер-жерінде сапасыз вакцинадан жас балалар дертке ұшырап, ауруханаларға түсіп жатыр.

Біреулерінің дене қызулары көтеріліп, жүректері қысылса, енді біреулері тіпті естерінен танып, жансақтау бөлемдеріне түсіп жатқан көрінеді. Және бұлардың бәрі, негізінен, кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Осы дертке қатысты жан-жақтан келіп жатқан ақпарат – соғыс кезінде майдандардан түскен сводкаларды еске салады.

Алғашында Теміртау қаласында медициналық колледждің студенттері вакцинадан ауырды деп естіп едік, содан кейін: Жаңаөзен, Тараз, Бейнеу, Ақтау деп кете берді. Мұны естіген Семей тұрғындары балаларын егуден бас тартыпты. Өйткені Теміртауда кәмілетке толмаған оқушыларды еккенде, олардың ата-аналарынан рұқсат сұрамағаны белгілі болды.

Жаңаөзендегі жағдай тіпті ауыр көрінеді. 2011 жылы қанды оқиғамен аты шыққан бұл қалада соңғы дерек бойынша үндістандық вакцинадан зардап шеккендердің саны 41 балаға жеткен. Олардың ішінде 7-еуінің денесі құрысып, есінен танып қалған. Төртеуі Ақтаудағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Ата-аналары балаларының жағдайы нашар екенін айтып, Астанадан шақыртылған арнайы мамандарды тосып отыр екен.

Ал Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқарамасы бастығының орынбасарының айтуынша, Жаңаөзенде вакцина егу тоқтатылған. Екпе тексерілуде. Бірақ препараттың барлық қажетті сертификаттары бар екен. «СК Фармация» деп аталатын мекеме республика бойынша 1 млн дана вакцинаны Үндістаннан сатылып алған.

Содан бері 400 мың вакцина 16 және 19 жас аралығындағы жасөспірімге салынған. Ал Тараз, Теміртау мен Жаңаөзендегі жағдайдан кейін, еліміздің бас санитар-дәрігері вакцина салуды уақытша тоқтатқан. Қазір вакцина сараптамадан өтіп жатыр. Егер оның сапасында кемшілік табылмаса, оны егу наурыздан бастап қайта жалғаспақ.

Ал Жаңаөзенге осы вакцинаның 6 мың 650-і жеткен және оны 2 333 адам қабылдаған. Олардың 30-ға жуығы өздерін жайсыз сезінген. Дәл осындай дәрі Бейнеу ауылының 1,5 мың тұрғынына егіліп, тек бір адамның жағдайы нашарлаған. Тағы бір жағдай Ақтау қаласында тіркеліпті.

Теміртауда 180 оқушы осы вакцинаны қабылдап, 18 студентке ол кері әсер етіп, ауруханаға түскен. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір екпе жасаған дәрігерлердің үстінен тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ Медициналық колледжінде сабақ кесте бойынша жалғасуда.

Ал Жаңаөзенде қылмыстық іс қозғалды деген ақпар әзірге жоқ. Бірақ, оның есесіне, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылыпты. Комиссия ванцинаның дұрыс сақталып, егу техникасының бұзылмағанын айтып отыр. Ал оның неге кері әсер еткені, сараптамадан соң белгілі болмақ.

Осындай оқиға Тараз қаласында да орын алған. 17 жастағы Пернегүл есімді студентке де қызылшаға қарсы екпе жасалған. Ол үшінші күні есінен танып, ауруханаға түскен. Алайда дәрігерлер оған нақты диагноз қоя алмай, психдиспансерге (жындыханаға) жіберген. Қыздың қазіргі жағдайы нашар екен. Ол тіпті тамақ ішуден қалған, аузынан қан кетіп, соңғы кезде системада жатқан көрінеді.

Шешесі қызының бұрын ауырмағанын айтып, оны үнді вакцинасы мен дәрігерлерден көріп отыр. Ал дәрігерлер, өз кезегінде, «бұл жағдайдың вакцинаға қатысы жоқ. Екпеге қатысы реакциялар онда жоқ. Сондықтан оның мұндай халге түсуіне, отбасылық кикілжің себеп болуы мүмкін…» дейді.

 

Мақсат МҰРАТОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ