Боқаев пен Аянды босатуын сұраймыз!

Боқаев пен Аянды босатуын сұраймыз!

Қазақстандық зиялы қоғам өкілдері Атырауда белсенділерге шыққан сот үкімін қайта қарап, оларға бостандық беруін сұрап Елбасыға жүгінді.  

Макс пен Талғаттың тағдыры туралы қазақ зиялыларынан Елбасына ашық хат

Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевқа

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Атыраулық азаматтар Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа қатысты шығарылған сот үкімі Қазақстан Республикасының Конституциясын сыйламағандық болып табылады. Жер Кодексіндегі дауға айналған және наразылық туғызған жайттарды атқарушы, заң шығарушы билік орындары қайта қарады. Сіздің жарлығыңыз бойынша құрылған комиссия жұмыс істеді. Бес жылға мораторий жариялауыңыздың нәтижесінде қақтығысқа бастайтын қатердің жолы кесілді.

Жер – ата-бабамыздың ұрпақтарына қалдырған қасиетті мұрасы, бай қазынасы. Оны қорғау, көздің қарашығындай сақтау, тіршіліктің тірегі ету баршаның парызы. Сіз мемлекеттік шекараны рәсімдеуге, жеріміздің тұтастығын қамтамасыз етуге байланысты атқарған еңбектеріңізді айта келе, атыраулықтардың бастамасынан кейін дүр көтерілуге ниетті халқыңыздың серпілісін орынды бағаладыңыз. «Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді» дедіңіз.

Макс пен Талғат сот арқылы жазаға тартылса да өз әрекеттерінің заң бұзушылыққа жатпайтынына сенімді. Жерді талан- таражға түсіру, шетелдіктердің қолына беру қаупін сезінгендіктен митингіге қатысқандарын, Конституциялық құқығын пайдаланғанын сотта ашық мәлімдеді. Бұл халық біліп отырған ақиқат. Мұндай ниеттегі, тілектегі, пікірдегі азаматтардың бәрін жау санаудың қажеті қанша. Олар елімізде миллиондап саналады. Бізде солардың қатарындамыз. Өз жерін қасықтай қаны қалғанша қорғауға дайын азаматтарымызды қисынсыз, қолдан құрастырылған айыптаумен түрмеге тоғыта берсек, еліміз бен жерімізді қорғауға кім шығады, егер алмағайып сын сәті туса!?

Азаматтардың митингіге қатысу құқығын шектеу, тиым салу, сол үшін жазалау өркениеттілікке жатпайды. Елдің тыныштығын, адамдардың қауіпсіздігін сақтау мақсатын бетке ұстап, Ата заңда көрсетілген бостандықтар мен еркіндіктерді елемеудің соңы жақсылыққа апармайды. Жұртшылықтың қандайда бір мәселеде келіспеушілігін, наразылығын тыңдап, оны ортаға салуына мүмкіндік жасау және дұрыс шешім қабылдау – мемлекеттің міндеті. Өз халқынан қорқып, оны тұқыртып ұстауға әуестердің аяғы аспаннан келіп жатқанын басқа елдердің мысалынан көріп жүрміз. Біз Қазақстанда тұрақтылықтың, тыныштықтың болғанын қалаймыз. Билік пен халықтың өзара түсіністігі мен сыйластығы арқылы соған жете аламыз.

Атыраудағы сот пен оның үкімі қазақстандық қоғамда ғана емес, шетелде де түсінбестік туғызды. Еуроодақ делегациясы, АҚШ елшілігі, Amnesty International, Human Rights Watch, Норвегиялық Хельсинки Комитеті секілді беделді ұйымдар наразылық білдірді. Әлемдік қауымдастықтың осындай жағымсыз бағасы халықаралық аренадағы еліміздің беделіне сөзсіз кері әсер етеді. Жерді қорғау үшін митинг өткізуді ұйымдастырушылар төңкеріс жасауды мақсат тұтқан жоқ. Төлешовтың сандырағын бұл араға қыстырып, оқиғаны ушықтырушылардың көздегені не?

Ондай «жанашырлар» мемлекеттің, оның басшысы Сіздің, тұтастай елдің абыройын ойламағаны көрініп-ақ тұр. Алдағы уақыттарда өтуі ықтимал митингілерді осындай «алдын алу» шаралары арқылы болдырмай тастаймыз, халықты үрейде ұстау қажет дейтін кеңесшілердің 37-ші жылдарғы тәсілдерге бой алдырғаны қалай? Бұрын «халық жауы» айыбы тағылса, бүгінде «ұлтаралық, әлеуметтік алауыздықты қоздырушы» дейтін жалаң жапсырма үдеп барады. Наразылық шерулерінсіз тыныш өмір сүреміз десек, ең алдымен елімізде әділеттілік, халық пікірімен санасу, халыққа есеп беру, адал қызмет ету, ұлттық мүддені қорғау керек.

Біз Сізден М.Боқаев пен Т. Аянның жағдайына көңіл бөліп, құзыретті органдардың жіберген қателіктерін түзеттіруді, екі азаматты жақын арада бостандыққа шығартуды сұраймыз. 1986 жылғы желтоқсанда алаңға барғаны үшін айыпталған, құрбан болған күрескерлерге Халық қаhарманы атағын беріп, әділеттің орнығуына тікелей ықпал еткен Сіздің парасатты шешім қабылдайтыныңызға үміт артамыз».

Қабдеш Жұмаділов, халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

Серікболсын Әбділдин, мемлекет және қоғам қайраткері,

Дулат Исабеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы,

Ғаббас Қабышұлы, жазушы,

Мұхтар Шаханов, жазушы, «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағының иегері,

Софы Сматаев, жазушы,

Темірхан Медетбек, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын,

Әміржан Қосанов, саясаткер,

Зәреш Батталова,

Ғалым Агелеуов,

Рысбек Сәрсенбай, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы,

Гүлжан Ерғалиева, қоғам қайраткері, журналист, Ермұрат Бапи, «Дат» газетінің бас оқырманы

Жарылқап Қалыбай, «Аңыз адам» – «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы,

Жанболат Мамай, «Трибуна» газетінің бас редакторы,

Айдос Сарым, саясаттанушы,

Мұхтар Тайжан, экономист, қоғам қайраткері,

Расул Жұмалы, саясаттанушы,

Талғат Айтбай, жазушы, публицист,

Аманхан Әлім, ақын, публицист,

Рақым Айыпұлы, «Жебеу» РҚБ-ның бас хатшысы,

Құрманғазы Рахметов, «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық қоры президенті, желтоқсаншы,

Ерлан Қалиев, құқық қорғаушы

28 желтоқсан, 2016 жыл

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ