Біздегі сөз бостандығын «телефон құқығы» басқара ма?

Біздегі сөз бостандығын «телефон құқығы» басқара ма?

• ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырзаға.

Құрметті министр мырза!

Күнтізбелік жаңа жылдан кейін, Алматыда бокстан әйелдер арасынан өткен халықаралық кездесуге қатысты бір ауыз пікірімді жазып, «abai.kz» сайтына жібердім. Көп кешікпей әлеуметтік жүйедегі бірнеше интернет басылымдардан өзімнің мақаламның үзінділерін көріп қалдым… Толық нұсқасын ашайын деп едім, «365 инфо», «Қазақ үні» «Қала мен дала», т.б. сайттарда «Бұндай бет табылмады» деген (404) сөз тіркесі алдымнан шықты… Ең болмаса, алғашқы жарияланған жерден табармын деп, «abai.kz»» сайтына кіріп, іздеу салып едім, «Дос Көшім. Өзінің шығарған заңын өзі ұстанбайтын ел» деген тақырып шықты, бірақ оны ашамын деген әрекетім босқа кетті – бұл жерде де «Бұндай бет табылмады» деген сөз шықты. (Ең қызығы, осы жұмыстардың барлығы 1-2 сағаттың ішінде «жүзеге асты…»). Қысқасы, демократиялық Қазақ елінің азаматының сөзі, жеке пікірі тапа-тал түсте тұтқынға түсті де, үкімді кімдердің шығарғаны белгісіз – атылып кетті!

Дәурен мырза, мен Сізге жайсыз сұрақ қойып, жағаңыздан алайын деп отырған жоқпын. Келіңіз, пікірлесейік. Осы сорақылықтың себебі мен салдарына ой жүгіртейік – сонда ғана «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстаныммен өмір сүрген қазақ халқының алтын дәстүрін сақтап қаламыз. Сонда ғана Сіздің министрлік маған менің пікірімді «тұтқындау операциясының қалай жүргізілгені» туралы нақты да ақиқат жауабын бере алады. Ал әзірше бұл қылмыстың (адам құқығын шектеу – ең ауыр қылмыстың бірі болып саналады, ал сөз бостандығы – адам құқығының басты принциптерінің бірі) кімдердің тарапынан жасалу мүмкін екендігін өзіміз іздестіріп көрейік.

Кейбір достарым менің мақаламды өздерін қаралау не жамандау деп түсінген қала әкімі Бауыржан Байбек пен оның орынбасары Арман Қырықбаев болуы мүмкін дейді. Өз басым бұл болжамды құптамаймын. Керісінше, олар «Досеке, үлкен рахмет, біздің қаперімізден шығып кеткен мәселені көтеріпсіз. Қатты айтыпсыз, бірақ бұл мәселе басқа да әкімдерге ескерту болсын деп айтқаныңызды, мемлекеттік тіл үшін жаныңыз ауырып айтқаныңызды жақсы түсінеміз» деп, шақырып алып, қолымды қысатындарына күмәнім жоқ.

Тағы бір азаматтар «Мақаланың ішінде «Желтоқсанға қатысты» сөздер мен «қазақтың намысы» деген сөз тіркестері бар. Мүмкін, биліктегілерге осы сөздер жақпаған болар» деген болжам айтады. Сіз қалай ойлайсыз?

Мен үшін басты мәселе – менің мақаламда емес. Әңгіме кез келген пікірдің бір сағаттың ішінде бірнеше сайттардан, әлеуметтік желіден алынып тасталынуында болып отыр. Ол технологиялық жолмен жасалды ма, әлде телефон арқылы сол әлеуметтік желінің қожайындарына бұйрық берілді ме – ол жағы да мені қызықтырмайды. Әңгіме қазіргі кезеңде Қазақ даласындағы сөз бостандығын шектеудің нақты тетігінің бар екендігінде.

Ал мынау сол тұтқындалған мақаланың мәтіні:

Кеше Алматыда бокс болды. Халықаралық жарыста қазақстандық бокшы қыз бен шетелдік боксшы Қазақ елінің аренасына шықты. Біздің қыз жеңіске жетті – бәрі мәз – халық та, жанкүйер қауым да, керек десеңіз, қаланың әкімі мен оның идеология жөніндегі орынбасары да мәз. Алайда ескі астананың миллиондаған тұрғындары мен еліміздің 70 пайыздан асқан қазақтары іштен тынып, намыстан жарылуға шақ қалғанын теледидар көрсете алмаған сияқты.

Түсінемін, қазір біреулеріңіз «өзіңді ғана айтсайшы, басқа қазақта не шаруаң бар, біздер ешнәрсені сезбедік, бәрі орынды болды, жоқ жерден бар жасамайық та» деп, қазақты құртатын «ондатұрғаннебарға» басатыны анық. Мен Сіздерге осы бокс дүрмегінен туындаған үш ойды, үш ыңғайсыздықты айтып берейін. Қолдайсыздар ма, әлде келіспейсіздер ме, ол – сіздерге серт. Менің айтатыным – өз сөзім.

Біріншіден, егер кешегі жарыс халықаралық деңгейде өткізілген іс-шараға жататын болса, Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде жүргізілуі не сасқандары?

Қазақ және ағылшын тілінде жүргізілуі тиіс емес пе? Қытайдағы осындай дүрмекті шаралардың жапон тілінде немесе Австрияда (қаламыздың әкімінің оқып, өмірлік тәжірибе жинақтаған елі…) француз немесе мажар тілінде өтуі мүмкін бе еді? Қай ел, қай қала өзінің тойын басқа тілде өткізіп еді?

Екіншіден, ұйымдастырушылардың бокс мейрамын ашып беріп, раундтарды хабарлап, жеңістің кімге берілгенін жариялайтын отыз ауыз сөзді айтатын қазақ елінен бір адам шықпағандай, Ресейден жүргізуші шақырғандары – қай сасқандары… Халықаралық кездесуді өткізуге қазақтың бір жүргізушісіне Баффетті қосып шақырса да жетіп жатыр еді. Айтпақшы, Желтоқсан көтерілісі де «Өзімізден адам жоқ па, қайдағы бір Ресейден адам шақырып!» деген сөзден басталған! Өзімізді – қор, басқаларды зор көру – намыссыздықтың басы болып табылады.

Үшіншіден, ұмытпасам, Алматы қаласы мемлекеттік тілге Иманғалидың әкім болған заманында «көшкен». Қоғамның алдындағы осы ұстанымды жалғастыру, дамыту – келесі басшылардың басты міндеті. Бұл жерде мен қазақ тілінің – мемлекеттік тіл екендігін, оның республиканың барлық жерінде қолданылу міндеттілігі туралы аксиоманы қайталамай-ақ қояйын. Оны қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев менен де жақсы біледі. Орыс тілінің мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ғана қазақ тілімен қатар (оның өзінде «ҚАТАР»!) қолданылатынын да бәріміз білеміз. Ринг – жергілікті өзін-өзі басқару органы емес немесе Ресей мемлекетінің территориясы емес. «Мемлекеттік тілді дамыту – мемлекеттік қызметкерлердің бірінші міндеті» деген Президенттің сөзін де қайталаудан жалықпаймыз.

Құдайға шүкір, қала әкімі құттықтау сөзін қазақ тілінде айтты. Бірақ маған оның осы қадамы Мәскеудегі жарыста жеңіп шыққан қазақ азаматын сол елдің рингінде тұрып, қазақша құттықтап тұрғандай әсер қалдырды. Алматыдағы спорт мейрамын толық мемлекеттік тілде өткізу – Бауыржан мен Арманның қызметтік міндеті емес пе? Әлде бір сағаттық спорт мерекесінде жалғыз өзінің қазақша сөйлегені «терең ойластырылған» саяси тәсіл ме екен?

Қазақтың бүгінгі намысы – іштен тынатын намыс.

Қазақтың намысы – бір жарылса, тоқтамайтын намыс.

Сол намысты оятушылар – өзінің шығарған заңын өзі ұстанбайтын елдегі иесіз қаланың басшылары…

Дос КӨШІМ,

қоғам қайраткері

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ