ӨЗ САЛАСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ БОЛҒАН

ӨЗ САЛАСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ БОЛҒАН

Ауыл және ондағы тазалық ғасырлар бойы мал соңында көшпелі тіршілік кешкен, киіз үйде тұрған халықтың жағдайы қаншалықты деңгейде болғаны – жасыруға болмайтын ақиқат.

Бұл саланың да профессионал мамандары бар.
Ауыл – қазақтың қара шаңырағы, бастапқы да тұрақты тіршілік ортасы. Алаш өркениеті мен мәдениеті алдымен киіз үйден бастау алған.
Ұлт болашағы үшін аса маңызды осы проблемамен тікелей айналысып, саналы ғұмырын соған арнаған тұңғыш ұлттық маман есебінде білетіндер медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі Есмұхамбет Жарқыновты алдымен ауызға алады.
Есмұхамбет Жарқынұлы шынында да өз саласының көшбасшысы, бүкіл Кеңестер Одағына танымал білікті маман еді.
1938 жылы Көкшетау облысында өмірге келген ол 1968 жылдан бастап Аймақтық патология институтында жұмыс істеп, тікелей ауыл гигиенасымен айналысты. 1972 жылы медицина ғылымдарының кандидаты, 1989 жылы ғылым докторы атанды.
Профессор Есмұхамбет Жарқынов 1973 жылдан бастап жаңадан құрылған ауыл шаруашылығындағы еңбек гигиенасы институтын басқарды. Осы қызметінде жүріп ауыл еңбеккерлерінің денсаулығына тікелей әсер ететін гигиена мәселесімен жан-жақты айналысып, зерттеулер жүргізді.
Профессор Жарқынов ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жұмысын бағалау жөніндегі ауқымды гигиеналық зерттеулер жүргізудің бастамашысы болды. Гигиеналық проблемаларды оригиналды түрде ғылыми көзқараспен шешу, салаға қатысты басқа да ғылыми зерттеу институттарымен әріптестік, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы ведомстволары және кәсіпорындарымен тікелей жұмыс істеу барысында Есмұхамбет Жарқыновтың басшылығымен арнайы мамандар негізінен мал шаруашылығымен айналысатын еңбеккерлердің жұмыс жағдайын, тұрмысын және денсаулығын жақсартуға айтарлықтай үлес қосқанын айта кетуіміз керек.
Бұл орайда профессор Жарқыновтың өз басы ғана 150-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 2 кітап, 4 монография мен дәрігерлерге арналған «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі еңбек гигиенасы» кітабын шығарды.
Осының өзі-ақ медицинаның бір саласының көшбасшысы есебінде профессор Жарқыновтың қаншалықты жұмыс тындырғанын көрсетсе керек.
Медицина ғылымдарының докторы Есмұхамбет Жарқыновтың басшылығымен жүргізілген зерттеу жұмыстары бес бірдей авторлық куәлікпен заңдастырылды. Оның басшылығымен бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Оның ішінде Орта Азия рсепубликаларының мамандары да бар. Бүгінде профессор Жарқынов тек Қазақстандағы ғана емес, сондай-ақ Кіндік Азиядағы ауыл гигиенасының көшбасшысы саналады.
Есмұхамбет Жарқынұлы 90 жылдардың басында Шығыс Қазақстан университетіне арнайы шақырылып, онда медициналық экология кафедрасын ұйымдастырды. Қазір ғалымның құрған сол кафедрасы жемісті жұмысты жалғастырып жатыр.
Есекең 1995 жылдан бастап республика халық шаруашылығының жетекші салаларындағы гигиеналық кінәраттарды жақсарту жөніндегі бағларлама жасаумен айналысты. Атап айтқанда, ол Арал теңізі мен Қазақстанның шығысындағы қоршаған ортаның гигиенасы мен экологиясы жөніндегі кешенді зерттеулер бағдарламасын жасады. Әрі ол республика басшылығы тарапынан үлкен қолдауға ие болды.
Профессор Жарқынов 2002 жылдан бастап балалар мен жасөспірімдер гигиенасы зертханасын құрып, оны абыроймен басқарды. Жан-жақты білімді зерттеуші һәм педагог 1982 жылы КСРО медицина академиясының Эрисман атындағы сыйлығына ие болды. Ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің әл-Фараби атындағы республикалық сыйлығының үш мәрте лауреаты. Одақтық және республика аралық деңгейдегі көптеген нормативті құжаттардың, санитарлық ережелердің, салалық стандарттардың, 20-дан астам техникалық шарттар мен әдістемелік кепілдемелердің авторы әрі құрушысы.
Ғалымның көптеген еңбектері республика халық шаруашылығының барлық кәсіпорындарына беріліп, сынақтан өткізіліп, қолдауға ие болды.
Сонымен қатар , Есмұхамбет өз ортасында әділеттік пен шындықтың жаршысы еді, сол үшін күш-қайратын сарып етіп, қоғамымызда халық билігін орнату жоллында да еңбектер жасады.
Профессор Жарқынов отандық медицинаға сіңірген еңбегі үшін Құрмет белгісі» орденімен, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ көптеген грамоталармен және дипломдармен марапатталды.
Өкінішке орай, еліміздегі демографиялық ахуалдың негізін құрап отырған ауыл гигиенасын жақсартып, халықтың денсаулығын түзеуге айтарлықтай үлес қосқан көрнекті ғалым есімі бұқаралық ақпарат құралдарында сирек айтылып жүр. Біз бүгін сол олқылықтың орнын толтыруды жөн көрдік.
Жалпы, халықтың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан көрнекті азаматтардың есімі ұмытылмағаны жақсы дер едік.
Профессор Есмұхамбет Жарқынов бүгінде арамызда жоқ. Алайда, оның тәрбиелеген ізбасар шәкірттері ғалымның бастап кеткен ісін одан әрі жемісті түрде жалғастырып келеді.

Бір топ жолдастарының атынан
Медицина ғылымдарының кандидаты
Сакен Сагатбеков

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ