Үштілділік реформадан қазақ тілі өледі

Үштілділік реформадан қазақ тілі өледі

Қазір қазақ мектептерінде сабақ үш тілде жүруде (ағылшын, орыс, қазақ тілдері). Мақсаты – ағылшын, орыс тілдерін үйрету, қазақ тілін өлтіру.

Өлтіру емей немене? Биология, математика, химия, физика – ағылшын тілінде, орыс тілі мен әдебиеті тағы да бірер пән – орысша, қазақша тек қазақ тілі мен тарих қана оқытылады. Бұл – мектеп бітіргенде жастарымыз ағылшыншаға, орысшаға судай, негізгі пәндерді сол тілде біліп, келешекте ағылшын тілінде биология, математика, химия, физика пәндерінен халықаралық деңгейдегі керемет күшті маман болып шығады деген жалған түсінікке негізделген тұжырымдама. Далбаса!

Осылай кете берсек, қазақ тіліндегі биология, математика, химия, физика пәндері біржола өледі, ол пәндер мен ғылымнан қазақ тілі арылса, өлмеген несі қалады? Өлмесе де, жүз жылға кейін шегінеді. Ломоносовтың орыс тіліндегі ғылым, академия үшін күресін және одан шыққан нәтижені ұмытпайық.

Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, күйреуге ұшырап, рухы жығылып, ауыр кезеңді кешкен жапон интеллигенттері: «Біздің түбімізге жеткен – тіліміз. Жапон тілін тастайық, мықты, жеңімпаз елдің тілі – ағылшын тіліне көшейік», – деген. Зиялылардың пікірін ескеріп, үкімет арнаулы комиссия құрып, мәселені жан-жақты зерттеп: «Ағылшын тіліне көшудің қажеті жоқ. Ағылшын және басқа да тілде жарияланған ғылыми жетістіктерді қолма-қол жапоншаға аударып, іске қосайық», – деп, осы тұжырымды ұстанып, елін дүние жүзінің алдына шығарды. Біздің билік ел аман, жұрт тынышта халқымызды дағдарысқа ұшыратып отыр. Қазақ рухы аман болса, мұндай билікті тез ауыстыру қажет.

Керек болса, ағылшын тілін, басқа тілдерді тереңдете оқытатын арнаулы мектептерді ашуға болады. Әр облыс сондай бір мектеп ашып ала алады. Ал барлық мыңдаған қазақ мектебін үш тілді жасаймын деу – бассыздық, бюджетке ысырап, қазақ мектебін титықтату.

Мақсұт ОРАЗАЙ

Сығандар қайдан келеді?

Жуырда Тараз қаласында сығандардың героин саудасымен айналысып келгені жайында хабар көрсетілді («Алматы» ТА, 28.03.2017). Алты үйден героин табылған. Осы іске қатысы бар 14 адам анықталған. Қылмыстық топтың басшысы 35 жасар сыған әйел екен.

Бұл Қасиетті Әулиеата өңірінде бұрын-соңды болмаған масқара жәйт. Осы орайда бұдан бұрын баспасөзде жарияланған бір мақала еске түсіп отыр. «Ақтөбе сығандары бас біріктіріп, өздерінің диаспорасын құрғысы келеді. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған мұндай этникалық бірлестікті «Дэш» деп атау жоспарлануда. Бұл сыған тілінен аударғанда «ондық» деген мағынаны білдіреді… Ақтөбеде шамамен 20 сыған отбасы тұрады, ал Қазақстанда олардың саны 4 мыңнан асады». («Мегаполис» 25 сәуір 2011 жыл). Расында, басқалардың бәріне майшелпек болып отырған бүгінгі Қазақстанда 130 ұлт өкілдері тұрып, олардың мәдениет орталықтары шетінен ашылып жатқанда, сығандар құр қалуы керек пе?

Ғаламторда жалпы сығандар туралы, олардың Қазақстанның қандай аймақтарында тұратыны жайында жазылған деректер бар. Оның ішінде әсіресе Ақтөбе сығандарының Қазақстан халқы ассамблеясына кіруге сұранып жүргендеріне бірнеше жыл болған. Ендігі жерде өздерінің ежелгі салт-дәстүрі бойынша өмір сүріп, еш жерге тұрақтамай, көшіп-қонып жүретін сығандарды 131-ші ұлт ретінде тіркеп, Қазақстан халқы ассамблеясына кіргізіп, парламенттен орын беру жетпей тұрған сияқты.

Жақында Алматының «Тастақ» маңындағы Прокопьев көшесінде тұратын бір досымызбен әңгімелескенде, ол мынадай бір жәйтті айтқаны бар. Жалпы көшеміз тыныш, кешкілік бір мезет серуендеуге болатын еді. Соңғы жылдары осындағы үйлердің бірін жалға алған сығандар пайда болды. Содан бері тыныштықтан айрылдық. Айғайласып, ұрсысып-керісіп жатқандары. Әбден ығыр болдық. Бұл жайында учаскелік милиционерге хабарладық. Бірақ та ешқандай шара қолданылмай-ақ келеді деп, мұңын шақты ол.

Қайран, Қазақстан, ойдан-қырдан қашқандарға мекен болған! Олар қазақ жерінде тыныш қана өмір сүрсе, бір сәрі ғой. Жоқ, олар тыныш жүре алмайды: ұрлық жасайды, кісі тонайды, нешетүрлі қылмыстарға барады.

Бір жолы Алматыда Сәтбаев көшесінің бойында қайыр сұрап жүрген сыған әйелінен: «Мұнда сендер қайдан келдіңдер, бұларыңды неге қоймайсыңдар?» – деп сұраған едім. Сонда ол: «Қайда барамыз, бұл біздің ата кәсібіміз ғой», – дегені бар. Қазір қыс жақындап, суық түсе бастады. Қалада сығандар да азайды. Бірақ қазақстандық азаматтығы жоқ сығандар келер көктемде күн жылына қайта қаптай бастайды. Бұл жағдай сығандарды шекарадан өткізіп жіберетін (әлбетте, тегін емес) кеден қызметкерлері мен шекарашыларды, оларды тәртіпке шақыруға міндетті құқық қорғау органдарын ойлантуға тиіс.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,

«Общественная позиция» (проект «DAT» №42 (406)

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ