Қазақ жерін Ресей ракеталары улап жатыр

Қазақ жерін Ресей ракеталары улап жатыр

Ал қазақ билігі өз халқын болашақ алапат апаттан қорғай алмауда

Жуықта «Байқоңырдан» ұшырылған кезекті ресейлік ғарыш ракетасының бөлшектері Жезқазған аймағына құлап, адам шығыны болып, орасан зор өрт болды. Қазақстан халқы бұл зілзалалық зардабы бар экологиялық апатқа еріксіз көніп отыр. Ал ел билігі Кремльдің қас-қабағына қарап, қазақ жеріне төнген алапат апатқа көз жұмуда.

Қазақстан мен Орта Азия экологиясының №1, яғни басты жауы болып отырған «Байқоңыр» космодромының құрылысы 1955 жылы басталып, содан бергі 60 жылда кеңестік империяның 1100 әртүрлі мақсаттағы космос аппараттары және 100-ден астам континентаралық баллистикалық улы отынды зымырандары сыналыпты. Сонымен қатар 38 түрлі соғысқа қажетті, жаппай қырып-жоятын қарулар мен космос кемелерінің 80-нен астам модификациялары да осы жерде сыналған.

Космодромнан ұшқан ракеталардың бірінші және екінші бөліктері Қарағанды облысына, үшіншісі Шығыс Қазақстан облысы аймақтарына тұрақты түрде құлап, қыста қатты боран-дауылдар мен үсік аяздар тудырып, жазда қатты ыстықтан қазақ даласын от пен өрттің жалыны шарпуда. Ракеталардың радиоактивті улы қалдықтары айналаға өлім сеуіп, қазақ жерінде шашылып жатыр. Ғарыш зымырандарында қолданылатын улы, зиянды қоспалар еліміз бен жерімізге орны толмас экологиялық зардаптар әкелуде. Халқымыздың денсаулығын бұзып, гендік деңгейде де түрлі кесапатты ауытқулар туындатып, отаршылдардың бұрынғы қанқұйлы зұлымдық саясаты негізінде ұлтымызға қарсы, оны жер бетінен жоюға бағытталған ашық этноцидтері бүгінгі таңда жасырын эко-демографиялық геноцидке айналды.

Қазір бұл ұшырулардың зиянды әсерлері Қазақстанның экономикасының барлық саласына да тиіп отыр. Тіпті ұлттық энергетика жүйесі «КEGОК»-тың диспетчерлері мен ҚР Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты мекемелер, әскери бөлімдер «Байқоңырдан» ұшатын әрбір ракеталарды №1 әскери дайындықпен күтетін болған. «Роскосмос», әрбір ұшырулардан соң жерімізді, коммуникацияларымызды бүлдіріп жатса, Қазақстан жағы Ресейдің қоқысын тазалаушыларға, апатты қалпына келтірушілерге айналған. Және бұл олар үшін үйреншікті дағды болып қалыптасқан.

Бұған жыл сайынғы 6 ай қыстағы ғарыштық ұшырулардан соң пайда болатын табиғат температурасындағы ауытқушылықтардан әр отбасы үйлерін жылытуға кеткен отындарын (газ, мазут, дизель отыны, көмір, ағаш, электр энергиясын), яғни артық шығындарын қосыңыз. Бала-бақшалар, мектептер, денсаулық сақтау мекемелері, қарттар үйлері мен басқа да мемлекеттік мекемелердің пайдаланған энергокөздерін қаржымен есептеп көріңіз. Осы ұшырулардан пайда болған суықтың әсерінен туындайтын тыныс мүшелері мен басқа да түрлі ауруларды емдеуге кеткен дәрі-дәрмектерге кеткен халықтың шығыны өкіметімізді ешқашан да алаңдатқан емес…

Ал жабайы аңдардың (ақбөкен, киік, арқар, таутеке, жайран, т.б.) көктемде төлдеп жатқанда үсіп өлген, гептилден уланып өлген шарана-жандықтары мен аналықтарын, жемістер мен өсімдіктерді тозаңдандыруға тиісті, табиғатқа да, адамға да аса қажетті қырылған бал араларын кім есептеп жатыр? Киелі кітаптарда аралардың қырылуы – ақырзаманның басталуы деп саналған. Әрбір авариялық ұшырулардан соң, сонау мамонттар дәуірінен бері келе жатқан Ұлы Даланың киесі – ақбөкендер жаппай қырылуда.

Киіктердің жаппай қырылуының басты себебі «пастереллез» емес, басқа жұқпалы ауру да емес, тек осындай ғарыштық ұшырулар!

Себебі бұл аурулар белгілері барлық уақытта да болған және бола да береді. Бөкендердің індеттен жаппай қырылған уақиғалары бұрынғы замандарда да, кейінгі уақыттарда да тіркелмеген. Миллиондаған жылдар бойы осы Ұлы Далада өмір сүріп келе жатқан табиғаттың бұл еркелері қазіргі сауатсыз ветеринарлардай емес, қашан, не жеп, не қоятынын немесе қандай шөппен, минералдармен емделетінін екі аяқтылардан жақсы білген…

2015 жылдың 28 наурызында Ақтөбе мен Орынборға жақын орналасқан «Ясный» космодромынан Камчаткадағы 10 мың шаршы шақырымдық «Кура» полигон-нысанасына кезекті ауыр «Сатананың» біреуі атылды. Дәл сол күні «Байқоңырдан» «Прогресс» ғарыш кемесі ұшырылды. Әрине, осы екі зымыран бірінен соң бірі қазақ жерінің үстінен ұшқан соң, ауа райы күрт өзгерді. Әуелі жаңбыр, арты қарлы боранға айналып, жаппай гүлдеп тұрған жеміс ағаштарын ту-талапай етті. Шымкент жеріндегі ең суық ай – қаңтарда ғана бір-екі сағатқа созылатын 18 градустық аяз, наурыздың 29 мен 30 күндері 6-8 сағатқа созылды. Өрік пен алша, шабдалы гүлдері үсіп, бірден ағып кетті. Күтпей келген аяздан көптеген жеміс ағаштары өрт шалғандай қарайып, ақыр соңы қурап тынды. Тек ОҚО-ның өзінде 113 мың гектар жерге егілген күздік бидай үсіп кетсе, былтырғы көктемде егілген егіннің 6 мың гектарын үсік ұрды. 16 мың гектарлық бау-бақшаның 7 мың гектары да қатты аяздан соң күлге айналды. Оған Жамбыл, Алматы, Қызылорда облысындағы осындай жағдайларды қоссаңыз, өткен жылдардағы ауыл шаруашылығына келген шығындардың есебіне сан жетпейді. Бұл шығындарды орнына келтіру «Роскосмос» пен осы ұшыруларға рұқсат беріп жүрген Қазақстанның өкіметінің ойына кіріп те шыққан жоқ?!

Қазіргі аты өзгерген соғыс зымырандары совет үкіметі кезінде шахталарда әскери кезекшілікте тұратын. Рейган мен Горбачев келісімдерінен кейін бұл зымырандар жойылуға тиісті еді. Алайда совет үкіметі құлап, Ресей президенті Борис Ельциннен кейін билікке келген, бұрынғы кеңестік отаршыл билікті қалпына келтіруді аңсаған В.Путин бұл зымырандарды қайтадан кезекшілікке қойды. Тіптен бұл қуатты зымырандардың атын өзгертіп, ғарыштық аппараттарды космосқа шығаруға лайықтады. Бірақ зиянды отыны сол күйінде қалды.

Оның үстіне Ресей әскерилеріне жалға берілген 7 әскери сынақ полигондарының да қазақ жеріндегі апаттарға қатысы болуы әбден мүмкін. Оның себебі – өткен жылдардан бері бүкіл әлемге қыр көрсеткен Ресейдің әскери-космос күштері дайындықтарын жетілдіру мақсатымен жиілеп кеткен әскери жаттығулар кезінде әлемдік мұхиттар мен басқа да теңіздерде жүзіп жүрген сүңгуір қайықтары мен түрлі әскери кемелерден, құрлықтағы стратегиялық ракеталық әскери бөлімдерден қазақ жеріндегі нысана – полигондарға қарай түрлі зымырандарды күні-түні атылып жатты. Олар қазақ өкіметінен рұқсат сұрамақ түгілі, ескертпейді де. Соңғы кездері олардың ракеталық әскерлері «ЗРК С-500» зымырандары Астрахандағы Капустин Ярдан аумағы 80 мың шаршы километрге жететін Сарышаған полигонына қарай атылуда…

Ресейдің «Протон» ракеталарында қоршаған орта мен тіршілікке аса қауіпті, өркениетті елдерде ғана емес, Ресейдің өзінде де мүлдем тыйым салынған гептил отыны қолданылады. Гептилдің ауадағы рұқсат етілген шекті таралу мөлшері 1 мг/текше-километр. Өте улы, аса зиянды деген хлор газының ауадағы рұқсат етілген таралу мөлшері 1 мг/текше-метр. Өте улы зиянды гептил отыны, химия тілімен айтқанда, симметриясыз диметилгидразинді (С2Н8N2) хлор газымен салыстырғанда, оның аса улы, тіршіліктің нағыз қас жауы екендігіне көз жеткізуге болады…

Бұл ғарыштық ұшырылулар сәтті өтті дегеннің өзінде экологияға аса қауіпті ракета отындарының 50–60 пайызы ғана жанып үлгеріп, қалғандары қазақ жеріне төгіледі. Осы ракеталарда жануды күшейтетін катализатор ретінде күмістің иондары қолданылады. Бұл катализаторлар гептил отынымен бірге төгілген соң, ракета ұшып өткен траектория аймағында мыңдаған шаршы километр жерлерде қоршаған ауа құрамындағы ылғалдар қатты буланып, жасанды бұлттар пайда болады. Әсіресе күз бен қыс, көктем айларында кәдімгі табиғи бұлттардың қалыңдығы 100–500 метр ғана болса, «Сатаналар» ұшқаннан кейін пайда болатын жасанды бұлттардың қалыңдығы бірнеше шақырымға дейін жетеді. Атмосферада жердің бетін орап, қымтай жапқан осы бұлттардың әсерінен күннен тарайтын энергия көздері тұмшаланып, ауа райы күрт суиды. Алдымен салқын жаңбыр жауса, оның соңы 40–50 градустық аязға айналған қарлы борандарға ұласады.

Сонымен бірге ауасыз кеңістікте отынның жануын қамтамасыз ететін оттегі газы бірге жанып кетеді. Планетамызды қоршаған атмосферадағы ауа құрамының 20,95 пайызы ғана оттегі газы. Ал ауаның оттегіден басқа 78 пайызы – азоттан, ал қалған 1,05 пайызын: гелий, аргон, ксенон, криптон, неон, сутегі, көмір қышқыл газы мен басқа да газдар құрайды.

Ал жаз айларында ұшырылған бұл ракеталар жерімізге сұмдық аптапты ыстықтар әкелуде. Өткен жылдары (2009 жылы) «Байқоңырдан» 34 рет, 2010 жылы да осыншама рет болса, 2011–2015 жылдары одан да көп ракеталар ұшырылды. Өзен-көлдер мен бұлақтар кеуіп кеткенімен қоймай, ШҚО-дағы «Ақсу-Жабағылы» қорығы орналасқан Алатау тау сілемдеріндегі мәңгі тұрған мұздықтар мен қарлар еріп жоқ болды. «Байқоңырдан» және Қазақстандағы басқа да полигондардан ұшқан ракеталар Қазақстанда құрғақшылықтар мен табиғи апаттар тудыруда. Еккен егін қурап, өзен-көлдер буланып, өткен жылдары оттегінің азайғанынан Жайық өзені мен көлдерде балықтар мен су жануарлары қырылды.

«Байқоңыр» космодромы мен әскери полигондардың әкеліп жатқан басты зардабы – ауа құрамындағы тіршіліктің көзі – оттегінің жерімізде азайып кетуінде және де осының әсерінен медицинаның шамасы келмейтін түрлі қатерлі аурулардың көбеюінде болып отыр?! 2010 жылдың қазан айындағы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде жыл сайын 80 мың адам қан-жүрек ауруынан, 17 мың адам оба (рак) ауруынан о дүниеге кетіп жатса, 1,5 миллион адам түрлі буын-сүйек ауруларына душар болуда!

Өткен 2016 жылдың наурыз айында «Роскосмос» «Байқоңырдан» тағы да 3 рет ғарыштық ұшырулар жасады. Сәуір мен мамырда да осылай болды. Қазақстан үшін аса зиянды болған бұл ұшырулар жүзеге асып, өткен жылы халқымыз тағы да жеміс-жидексіз қалды. Биыл да сол жағдайлар қайталанып, Ресейдің ракеталарының әсерінен жасанды қалың қарлы-боранды қыстар ұзаққа созылып, жылымық басталған көктемде осы техногенді әсерлердің соңы бүкіл түстіктегі шөлейтті даламыздан бастап, сонау солтүстіктегі Қызылжарға шейін зардапты су тасқындарын әкеліп, онсыз да тұралаған экономикамыз одан ары тұралай түсті?!

Биылғы жиілеп кеткен қыс пен көктемгі ұшырулардан соң да ауыл шаруашылығындағы ахуалдар жетісіп тұрған жоқ. Оның есесіне қоршаған ортамызда аса қатерлі дауылдар мен басқа да нешетүрлі табиғи ауытқушылықтар көбейіп барады.

Осы қарқынмен Ресей қазақ жерін құрта берер болса, экологиялық апат бүкіл республикамызды шарпуы әбден мүмкін. Ал биліктегі мырзалар болса, олардың әлдеқашан Европа мен мұхит жағалауларындағы елдерден жанға жайлы мекендерін дайындап қойғандығын шетелдік басылымдар жарыса жазуда… Жер-Анамыз бен халқымызға қарсы қиянат пен ұлттық қасірет жасап, осындай ракеталарды жерімізден ұшырғандар мен оған рұқсат бергендерді адамзат пен қоршаған ортаға қарсы қылмыс жасағандар ретінде бағалайтын халықтық қозғалыс құратын кез туды.

Жақында Қазақстан үкіметінің Ресейдің «Байқоңырдағы» іс-әрекеттерін қаржыландырмақ болған жоспарлары да түрлі сұрақтарды туындатуда. Қазір технология жағынан артта қалған Ресей уәде еткен «Бәйтерек» бағдарламасы туралы келісім жоспары ондаған жылдарға созылып, әзірге тек сөзбұйдамен келеді. Енді бүгін Ресей «Зенит» бағдарламасын ұсынуда. Бұл жоспарлар да жүзеге аспайды. Оның басты себебі – бұл зымыранды жасайтын Украина қазір Ресеймен кооперациялық байланыстарын үзген. Енді «Зенит» бағдарламасын АҚШ қаржыландырып, Украинамен біріккен кәсіпорын құруда.

Оның үстіне ғарыш қызметінде бәсекелестері онсыз да көбейген Ресейге Қазақстан сияқты жаңа ғарыштық бәсекелес тудыру қажет пе? Қазақстанға ғарыш қызметін дамыту үшін, осы салада алға кеткен Франция мен Батыстың басқа елдерімен жоспарланған кооперацияны одан ары күшейткені дұрыс. Бүгінгі күннің ең басты кезек күттірмейтін мәселесі – Ресейде әлі де қоры таусылмаған гептилді қолданатын протондарды жерімізден одан ары ұшырудың жалғаса беруін тоқтату!

Өткен аптада Жезқазғанның жанындағы Талап ауылына құлап, 10 мың гектардан аса жайылымды өртеп, адам шығынына әкелген Ресей ракетасының Астана мен басқа да қалаларымыздың үстіне құламасына кім кепілдік бере алады? Тоқырауға ұшыраған Ресейдің ғарыш саласының қазір барлық жағынан да ең бір сенімсіз серіктестікке айналғандығы неге ескерілмейді?!

Парламент пен жоғарғы билік өкілдері халқымыз бен тарих алдындағы, келешек ұрпақ алдындағы тарихи миссиясын атқарудағы қауқарсыздығы өкініш пен қынжылыстан басқа ешнәрсе де тудырып отырған жоқ!

Ілесбек БАЙЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №25 (389)

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ