Қанағат ЖҮКЕШОВ: Қазақтың тілін ауылдан алып шығу керек

Қанағат ЖҮКЕШОВ: Қазақтың тілін ауылдан алып шығу керек

Кеше Алматыдағы А. Чехов атындағы балалар кітапханасында белгілі ғалым, ұлт жанашыры Қанағат Жүкешовтың «Философия языка» деп аталатын жаңа туындысының тұсауы кесілді. Бұл тың шығарманы автор өзінің 70 жылдық мерейтойына арнаған еді. Рәсімге қатысушылар «бұл кітап қазақ тілі мәселесіндегі құбылыс болуы тиіс, сол себепті жаңалықты қабылдауы қиын қазақтың жан-жақтан жауған сынынан да кенде болмайды» деп бағалады.

Ал біз мерейтой мезетінде Қанағат ағаны кезекті сұхбатқа шақырған едік: әлдебір әлеуметтік-қоғамдық мәселеге қатысты пікірлері стандартты шеңберлерге сыймайтын ғалымның кезекті ойын оқып көріңіз.

Қанағат аға, ең алдымен Алматыдағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесі құтты болсын! Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз? Мұндай жеке басқа табынушылық жағдаяттарына көз де, ет те үйреніп кеткен болар?

Бұлай боларын бүкіл ел баяғыдан білетін. Енді айтылып жүрген долбар шындыққа айналды. Сондықтан Фурманов көшесінің атының өзгеруі жаңалық ретінде емес, айғақ ретінде қабылданды деп білем.

Ал таяуда ғана жер қатынастары жөніндегі заңдылықтарға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы парламент мәжілісінің бірінші оқылымында қабылданды. «Фейсбук» желісіндегі әлеуметтің бұл заң жөніндегі пікірі екіге жарылып тұр: бірі жер сатылатын болды десе, екіншісі – «құдай сақтап қалды» дейді. Жалпы, Қазақстанның ұлттық бизнесі жер сатып алатындай ахуалға жетпей жатқанда, елдің барша байлығын олигархтар иеленіп отырған қазіргі дағдарысты кезде біздің билік жерді сатуға неге құнығып отыр деп ойлайсыз?

Ұстанымында жер сату дегенге отаншылдығы бар көпшіліктің үнемі қарсы болып келе жатқаны белгілі. Мен де сол бағытты қолдаймын. Жерді мейілінше тиімді пайдаланған жөн, әрине, егер сатудың ар жағында айырылып қалу қаупі басын қылтитып тұрмаса. Сол күдікпен жүрген азаматтар жердің сатылуына қарсы. Өйткені олар сатушылардың түпкі ындынына сенбейді. Ал биліктің әрқашан да ұлттық мүддеден алшақ әрекеттерге барып жүргені бұрыннан белгілі.

Бұл жерде заң жобасын жасаушылардың бұл мәселеге өздерінше логикалық қамтамасыздықпен келгені көрініп тұр. Онысы «шекарадағы аумақтарды сатқанда, олардан айырылып қалу қаупі зор десеңдер, онда ішкеріде жатқан жерлерді сатайық, оны ешкім бөліп әкете алмайды» дегенге саяды. Ал сатуға құлшынудың түп-төркіні – одан түскен пайданың көбі өз қалталарына түсетіні белгілі болып отырғанында. Билікке келіп алған, отаншылдығы жоқ, уақытша жүргендер экономиканың дамуына күш салып неге шаршайды? Сатуға болатынның бәрін сатып, «х» сағаты келгенде тайып тұру керектігін олар әлдеқашан меңгеріп алған. Түбінде жер сату өнеркәсіпті, жалпы қоғамды өркендете алмаған биліктің табыс көзіне сұқтануының қатардағы мысалы болып табылады.

Мен бұл арада жер сату заңдылықтары мен оны іске асыру механизмдеріне тоқталмай-ақ қояйын. Өйткені бұл мәселені менен әлдеқайда тереңірек білетін заңгерлер бар және олар айтып жатыр ғой.

Қоғамның азаматтық белсенділігі күрт төмендеп кеткенін сіз де байқап жүрген боларсыз. Оның үстіне қоғамдағы тәуелсіз саяси күштер бытыраңқы болып, тіпті кейбір ұйымдар бір-бірімен талас-тартысқа бой ұрып барады. Осының себеп-салдарын аңғарып жүрсіз бе? Жерді сатуға қарсылық қозғалысының кемшін соғып тұрғаны да осыдан сияқты…

Аңғарғанда қандай! Халықтың азаматтық белсенділігінен, өз тағдыры үшін күрес қабілетінен айырылып қалуы автохтонды халықтың қазіргі ғана емес, соңғы 300 жылдық тарихындағы ең өзекті, тағдыршешерлік мәселеге айналған. Бұл құбылысты байқап қана жүрген жоқпын, оны зерттеп те жүрмін. Екінші сөзбен айтқанда, мәселе тағы сол «қазақ неге оянбадыға» келіп тіреліп тұр ғой.

Егер халық оянбаса, онда оны оятпайтын факторлар бар деген сөз. Олар қандай факторлар?

Негізгілерін ғана атайын. Шешуші фактор – қазақтардың өркениеттер дамуы сатысының төменгі басқышында – ауылда тұратын, мал шаруашылығымен айналысатын халық болып қалуында. Қосалқы фактор – қазақтан шыққан зиялы қауымның өз ұлтын өркениеттен жырақ, әлеуметтік артта қалған ортада – ауылда қалауында, насихатты осылай бағыттауында. Мысалы, көркемөнер тұтастай қазақ өркениеттен аулақ ауылда тұрып, малмен айналысуы керек деген лейтмотивті ұстанып келді. Қазір де осы бағыттан айнымай, қазақтың санасын ауыл шеңберінен шығармауға тырысуда.

Айтпақшы, Қанағат аға, бірер жыл бұрын осы пікіріңіз үшін сізге «ауылды жек көреді» деген кінә тағылғаны бар еді…

Рас. Менің оппоненттерімнің кейбіреулерінің «Масанов, Жүкешев сияқтылар – ауылды жек көреді» дегені бар. Ал қолыма қалам алып, бірдеңе жаза бастағаннан бері қазақтың әлеуметтік артта қалуы жағдайын аңдап, налыған материалдарды біршама жаздым. Республикалық баспасөзге алғаш рет «Қалаға неге қырын қараймыз?» деген мақаламен шықтым. Оның түйіні прогресті қаладан іздеу керек, өркениетті елдер әлдеқашан қаланы жайлап, өнеркәсіппен, ғылыммен, технологиямен айналысып, алға шығып кетті. Мәдениет, білім – бәрі қалада. Ол мақаламда қазақ жазушыларының ауылды аңсап, қазақты сол ортадан шығармауға үгіттеп, ауыл адамдарын идеалдауы тұрғысынан бас тартуы қажеттігін айттым. Әлеуметтік артта қалған ортада қалып қою – ұлттық мүддеге қайшы келеді дегенді ескерттім. Бұл материалым «Қазақ әдебиетінде» 1984 жылы жарияланғанда, жазушылардың бірқатары мені жерден алып, жерге салды. Білетін диатрибасын төгіп бақты.

Негізі, мен «ауылды жек көреді» дегенді жала ретінде қабылдаймын. Үш жасымда көк жорғаммен Тарбағатайдың төсінде жүйткіп бара жатқаным әлі есімде. Небір тарпаңдардың құлағында ойнап өстім. Асау құнандар мен дөнендерді шалма тастап, шыңғырта ұстап, бірден ер салып, тулатып мініп кете беретінбіз. Менің әкемнің қолынан сәйгүлік аттар кеткен жоқ. Балалық, жастық шағым жайлауда қымыз ішумен, көкпар тартумен өтті. Қарсыласты атымен сүйрегенде, шіркін, жануардың төрт аяғы қара жерге түренмен жыртқандай параллель сызықтар қалдыратын. Мен де – ауылдың төл баласымын.

Тек қазақтың қазіргі әлеуметтік артта қалған ауылда, өркениеттен жырақта омалып қалған күйіне налимын. Мәдениетсіздік меңдеген, барлық параметрлер бойынша артта қалған, «әлеуметтік аурулар» иектеген, қоқысқа толы ауыл менің жанымды жегідей жейді. Ал қазақтың қазіргі қаңырап жатқан ауылында «самозанятый» деген атты бүркеніп, индустриядан аулақ, сорлы күй кешкеніне жаным күйеді. Ауылды күйттеушілер қазақтың сол өркениеттің шаңына ілесе алмай, «қой бағып, көтен жеп» жүрген күйін идеалдауға тырысады. Боқтың иісін сезбейтіндер осы уақытқа дейін «ауылым-ауылым» деп өзеурейді. Э. Тоффлер айтқандай, ауыл тұрғындары – «өткен күннің адамдары». Ауылды ақтай да, көксей де жазатындар ауыл адамдарын тек «Нұр Отанның» электораты сапасында, кедейлік пен қараңғылықтан шыға алмайтын күйін мәңгілік еткісі келеді.

Шаруа – мәдениеттен, өркениеттен тыс қалып отыратын тап. Шаруа ұлт болып та жарытпайды. «Шаруа» мен «ұлт» – екі дәуірдің ұғымдары. Алдыңғысы – аграрлы қоғамда өмір сүретін тап, кейінгісі – индустриялы қоғамда келбеттейтін адамдар қауымдастығы.

Осы мәселе менде «Философия языка» кітабымда (әзірше орысшасы жарияланды) ареалдық және функциялық лингвистика шеңберінде кеңінен қарастырылған. Кітапта қазақтың оянуы мәселесіне жеке параграф арналған. Ол «Имманентті қазақ мәселесі» деп аталады.

Қанағат аға, сіз негізінен ғылыми мамандығыңыз тарихшы бола тұрып, соңғы кездері тіл мәселесіне белсене араласып, ғылыми тұрғыда қадау-қадау пікірлер айтып жүрсіз. Еліміздің мүйізі қарағайдай лингвистері бұқпантайлап жүргенде, сіздің тіл мәселесіне белсене араласуыңыздың себебі неде?

Иә, мен педагогикалық институттың тарих факультетін тәмамдадым. Бірақ кандидаттық диссертациямның тақырыбы философиядан. Ол баста тіл мәселелерімен айналысайын деген ниетім жоқ болатын. 2007 жылы «Өркениеттер дамуының адамгершілік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация дайындап, қорғауға шыққалы жатқанмын. Бәрі менің қазақ тілінің жағдайына қатысты осы тілде сөйлейтін қазақ ретіндегі жеке пікірімді газетке жариялаудан басталды.

Ол кезде отандық лингвистер қазақ тілінің лексикалық ресурсы өте бай, сөзді шетінен іріктеп алып, ұғымдар мен терминдерді жасай беруге толық мүмкіндігі бар дегенді нықтаудан таймаған болатын. Бірақ ол жұмысты өздері емес, шаруашылықтың әр салалық мамандары атқаруға тиіс деген ұстанымда болатын. Тілтанушылар бәрі жеткілікті қаражат бөліп, жоғарыдан табанды талап қоя білгенде толық шешіледі деп түсінді. Бұл жолда олар биліктен саяси, әкімшілік, экономикалық және еріктік әдістерді қолдануды талап етті. Жоғары мінбелерден мемлекеттік тілді сыйлауға шақырған үндеулер жиіледі. Қазақ тілінде іс жүргізуге ауысу жоспарлары жасалды және олардың нақты жүзеге асырылу мерзімдері бекітілді. Алайда ол мерзімдер үнемі өзгеріске ұшырап, кейін шегеріліп отырды. Тіл білмейтін жеке адамдарға қатысты мәжбүрлеу шараларын жүргізу, оларды депутаттыққа сайламау, үкіметтің және жергілікті билік органдарының құрамына енгізбеу керектігі үнемі бастырмалата қойылып отырды. Алайда олардың ешқайсысынан нәтиже шықпады. Шығуы да мүмкін емес еді.

Осы күйбең тіршіліктің шырқын бұзушы мен болдым. Бәрі «Деловая неделя» газетінде жарияланған екі мақаладан басталды («Далбаса государственного значения». 24. 04. 2007 г.; «Отрицание ради отрицания или контрадикции человека с кнопкой на спине». 10. 08. 2007 г.). Бұл мақалаларымда мен қазақ тілінің рецессиясына лингвист ғалымдардікінен басқаша диагноз қойдым және тіл проблемаларын ғылыми тәсілдермен шешуді ұсындым.

Оның қазақ лингвистеріне «еретиктік» болып көрінген идеяларының кейбіреулері мынадай еді: қазақ тілінің бар қырсығы – оның қазіргі замандық қоғамдардың әдеби тілдеріне қойылатын талаптарға сай болмай отыруында. Тіл лексикасы жеткілікті өңделмеген, сөз қолдануда формалық және мағыналық орнықтылық жоқ, стильдері талап деңгейінде ажыратылмаған. Былайша айтқанда, тілді индустриялы қоғам өмірінің барлық аяларында әмбебап қолдануға дайындау керек. Ең бастысы, қазақ лингвистерінің тілдің әдебилігі туралы нақты орныққан тұжырымдары жоқ дегенді айттым. Бізде әдеби тіл деген ұғымның бірмәнді дефинициясы жоқ, оған қойылатын талаптар да бірізділікке түсірілмеген. Тіл стихиялы ағысқа жіберілген, сонысымен толық аномалияға ұшырап отыр.

Иә, бұл орайдағы қарсы пікірлерді оқыдық: сіздің бұл ұсыныстарыңыз тілші ғалымдарға ұнамады…

Содан, қазақ лингвистері мен жазушылар дүрк көтеріліп, тізе қоса отырып, маған қарсы соққы беруге шықты. Анафема орашолақ, дөрекі, бірақ ауқымды болды. Бөгде пікірге ғылыми талқылау және талдау арқылы баға беру керектігін ешкім ескермеді. Жазалаушылар салауатты тіркес іздеп жатпады, әрекеттеріне де ерік берді. Бәрі іске қосылды, бұқаралық ақпаратта тілдеуден бастап, «қазақ тілінің жауы», «мемлекеттің тәуелсіздігіне қарсы шығушы» деген айдарлар тағып, мені парламенттің шешімімен саяси жазалауды сұрауға дейін барды (айта кету керек, парламент «тентек зерттеушінің» тәртібін қарау мәселесін күн тәртіне енгізбеді).

Ал енді мынау жаңа кітабыңыздың мазмұнына қарап, сіздің қазір де осы бағыттан танбағаныңызды көруге болатын сияқты ғой…

Иә, солай. Содан бергі 10 жыл ішінде мен тілге қатысты ұстанымдарыма тереңірек қайта үңіліп, жан-жақты анализ жасадым. Тіл болмысындағы әр құбылыстың ғылыми атауын тауып, терминдерін сараладым, зерттеудің ғылыми аппаратын мейілінше жетілдірдім. Дамыған индустриялы қоғамдардың заманауи әдеби тілдерінің тәжірибелерін де назардан тыс қалдырмадым. Сонан тұжырымдаған ойларымды ғана кітап ретінде ұсынып отырмын.

Рас айтасыз, аға. Қазір әлеуметтік желілерде қазақ тілін банкі және қаржы саласында пайдалану мәселесі жөнінде біраз әңгімелер туындап жатыр. Мәселен, банкоматтарда қазақ тілін неге пайдаланбаймыз, неге қызметті орыс тілінде көрсетуді сұраймыз дейтіндер бар. Осы орайда сіз көтеріп жүрген әдеби тілдік норманың қалыптаспауы кедергі келтіріп тұрған жоқ па? Мысалы үшін, банкоматта пайдаланылатын сөздер әр жерде әртүрлі үлгіде ұсынылады: «басыңыз», «таңдаңыз», «қалап алыңыз» деген сияқты. Осының ортақ жүйесін қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Банк-қаржы салаларында ғана емес, экономикалық айналыстың барлық аяларында қазақ тіліндегі сөз қолданыста формалық және мағыналық орнықтылық жоқ. Орыс лингвистикасында индустриялы қоғамның әдеби тiлiне қойылатын басты талап – тiлдің стандартталуы мәселесі терең және жан-жақты зерттелген. Академик Ф. П. Филин және басқа зерттеушілер тілдік бірліктердің нормаға келтіріліп қолданылуын стабильность языка деп пішіндейді. Бұл ұғым тілді стандарттау немесе тіл орнықтылығы дегенді білдіреді, тиісінше, формалық және мағыналық аспектілерге бөлініп қарастырылады. Орыс тілінің лингвистикалық сөздіктерінде, кейбір зерттеушілердің шығармаларында тілдік белгілердің жазылу формасы «план выражения» деп, ал сөздердің мағынасы «план содержания» деп алынады. Олардың біріншісі тілдік белгілердің сыртқы пішінін, дыбыспен және әріппен берілу тәсілін, екіншісі – тілдік белгінің қандай мағына беретінін көрсетеді.

Қазақ лингвистері бәрібір тіл қолданыстағы орнықтылық ұғымын түсініп, іс жүргізу саласындағы жиі қолданылатын тіл корпусын нақты ажыратып, оны стандарттау, кодификациялау үрдістерінен өткізіп алмай, қазақ тілі экономикалық айналысқа толық шыға алмайтынын түсіне алмай келеді. Осы жерде біздің тілтанушыларымыздың тағы бір адасуы туралы айта кету керек.

Қазір тілші ғалымдардың арасында ғана емес, барлық зиялы қауымның топшылауынша, Қазақстандағы қазақтардың үлесі артқан сайын, қазақ тілінде сөйлеушілердің де үлесі пропорциялы арта бермек, сөйтіп тіл мәселесі өзінен-өзі шешіле салмақ. Дүниежүзілік практика бұл тұжырымды растамайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін отаршыларды қуып шығып, өз аумағында айқын демографиялық басымдықпен өмір сүріп жатқан елдердің бәрі аборигендердің тіліне толық көше алған жоқ. Өздерінің тілдерін мемлекеттік деп жариялап, мол қаражат пен рухани күшті жұмылдырып, ондаған жыл насихаттап, ақыры еш нәтиже шығара алмай, бар істі отаршының тілінде жүргізуге қайта көшіп отырғандар бар.

Қай елдің болмасын, жалпы тұрғындарының ішіндегі жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі 99 %-ға жетсе де, нормаланбаған тіл мемлекеттік тіл ретінде орныға алмайды. Демографиялық фатализм қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ете алмайды. Бұл да өзін қазақ тілінің маманы санатына қосып жүргендердің көп адасуының бір мысалы, өзін-өзі алдауы, өзгелерді жұбатуы.

Қазақ тілін мәртебесіне сай қызметін атқара алатын деңгейге жеткізудің екі жолы бар. Біріншісі – тіл өңделген, стильдері дұрыс ажыратылған, орнықты қолданылатын, ережелері жетілдірілген, баршаға түсінікті – демек, әдеби нормаға толық келтірілген болуы керек. Екіншіден, қазақ тілінде орыстілді азаматтардың рухани қажеттілігін өтей алатын, оқуға татитын, сапалы контент болуы керек. Мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан бергі 28 жыл ішіндегі тіршілік осы бағыттағы жұмыстарды жеріне жеткізіп алмай, қазақ тілі мәртебесіне сай қызметін атқару деңгейіне жете алмайтынын көрсетіп отыр.

Газетіміздің өткен санында сіздің А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының басшылығына бағытталған ашық хатыңыз жарияланған еді. Оған мойын бұрған біреулер бар ма?

Әзірше жоқ. Күту керек. Қазақ тілші ғалымдарына ол сұрақтарға жауап берудің оңайға соқпасын сезіп отырмын. Айғаққа – айғақпен, дәлелге – дәлелмен, конструктивті жауап берер немесе салауатты, өркениетті пікір алысуға шақырар деген үміттен де құралақан емеспін. Ал дәйекті жауап орнына жеке басқа тиісуден арыға бара алмайтындармен өмір бойы ұшырасып келе жатқанымды айтып жатуға ыңғайсызданамын. Редакцияға түсіп жатқан кез келген ғалымның менің атыма, бет-жүзіме қарамай, сойып салатын пікірлері түсе қалса, сол күйінде, бүкпелемей жариялай беріңіздер. Мен әрқашан да өз сөзіме жауап беремін. Қазақтың рухани өміріне, соның ішінде тіл мәселелеріне қатысты кез келген пікірталастан, талқылаудан тайқып кетпеймін.

Бірқатар тіл мамандарының пікіріне қарағанда, қоғамда қазақтың тілін қолданыс құралы деңгейіне жеткізбей жатып, әліпбиді латыншалау саясатын қоя тұру керек екен. Бұған сіз не дейсіз?

Алдымен түгелдей қазақшаға ауысып алсақ. Ең бастысы – іс жүргізу қазақшаға толық өтсе. Қазақ тілі контентінің сапасы орыстілділерді өзіне тартатындай деңгейге жетсе. Сонан кейін латыншаға тұтастай қоғам болып, көп қиындықсыз көшіп алу мүмкіндігі туар еді.

Осы тұста айта кету керек, тілді стандарттаудан кейінгі екінші өзекті мәселе – қазақ тілін үйренуге қажеттілік тудыру. Осы ұғымның мәніне үңіліп көрдіңіз бе? Тіл үйренуге қажеттілік тудыру дегенді ширек ғасыр қайталап келеміз. Ең сорақысы – тіл үйренуге қажеттілікті күшпен тудыру керектігі үнемі алға тартылады. Ең кесірлі бағыттардың бірі осы. Оның кесірлілігі – «тіл үйренуге қажеттілікті билік мәжбүрлеумен тудырсын» деп, бәрін билікке аударып тастап, тілтанушылардың тілдің имманентті мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешуден аулақтауға тырысуларынан көрініс береді. Тіл үйренуге қажеттілік тек қана адамдардың рухани сұранысы қазақ тіліндегі сапалы контент арқылы ғана жүзеге асырылады.

Жалпы, біздің биліктің ресми-кеңселік тілі орыс тілі болып тұрған қазіргі жағдайда сіз бен біздің жел диірменімен алысқан бос әурешілігімізден бір нәтиже шыға қояр ма екен?

Осы сұрағыңызда қазақ тілінің тағдырын шешетін түйін жатыр. Тілге қатысты мәселенің үлкені осында – ресми-кеңселік тілдің орыс тілі болып тұруында. Бар мәселенің шешуі осыған – қазақ тілін ресми-кеңселік тілге айналдыруға тәуелді болып отыр. Менің тілге қатысты айтып жүргендерімнің де квинтэссенциясы сол – біріншіден, ресми іс жүргізуге қатысты тіл корпусын, жиі қолданылатын 10 мың сөзді дұрыс іріктеп алып, бұқараға алдымен осыны меңгертуге күш салу керек. Екіншіден, қазақ тілінің мәтінінің сапасы заманауи өркениеттің, индустриялы қоғамның шынайылығын бейнелей алатын болуы керек. Осы екі бағыт жүзеге асырылмағандықтан, мінеки, расында да, ширек ғасыр бойы «жел диірменімен алысқан бос әурешілікпен» келе жатырмыз.

Ермұрат БАПИ

«Общественная позиция» (проект «DAT»)

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

ВВЕРХ